ШҚО-да бруцеллез дерті дендеп тұр
Бұл төрт түлікпен ғана күнелтіп отырған ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреді.
Осы ретте айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал өсірмек болғандар да банкротқа ұшыраған. Соңғы 3 жылда тек Күршім ауданынан ауруға шалдыққан бірнеше мың бас мал жойылған.
Қалжыр ауылының халқы ежелден төрт түлікпен күнелтіп келеді. Бірақ соңғы 5 жылда мал мен жаннан маза кетті. Бруцеллез дерті дендеген соң тұрғындар әуелі ұсақ малды құртуға мәжбүр болды. Қазір кейбір отбасыларда оншақты ұсақ пен бірнеше ірі қара ғана қалған.
Ермырза Есімжанов, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Бұрын 26-27 ірі қарам болған, қалғаны мынау. Былтыр бруцеллез деді. Сөйтіп құртты түгел малды. Әрі қарай көбейте алмаймыз. Қорқамыз тағы бруцеллез шығады деп. Сол үшін сатып жібереміз. Тез құтылуға тырысамыз.
Ал Әнуарбек Байшолақов бірнеше жыл бұрын ұсақ мал басын өсіруге кіріседі. Арнайы бағдарлама бойынша несиемен 100 саулық сатып алады. Алайда індеттің кесірінен жоспары жүзеге аспады.
Әнуарбек Байшолақов, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Сол жүз басты бір жыл төлдетіп өсірдім, 200-ге жеткіздім. Енді екі жүзден қазір екі бас қалмай қалды. Түгел бруцеллезге шалдықты. Таяғымды ұстап қалдым.
Ал Асқар Мусинде қазір ұсақ мал мүлде жоқ. Төрт-бес жыл бұрын жетпіске жуық қой-ешкісінен бруцеллез дерті анықталған соң ет комбинатына өткізген. Шаруаның талай жылғы еңбегі су тегінге кеткен.
Асқар Мусин, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Мен осынша мал өткіздім десем, содан есептеп бергенде менің бір бас қойым 68 теңгеден өтіпті.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мемлекеттен кеселге қарсы бірыңғай вакцина жасалмағандықтан дер дендеп кеткен. Бірақ қазір заң бойынша малына екпе жасатуға шаруаның өзі жауапты.
Ертай Батхолдин, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары
- Мемлекет қаржы бөлмейді. Ол тек қана оң нәтиже берген бруцеллезді уақытында жоюды қарастырады. Содан кейін ошақтың маңын тек қана залалсыздандыру керек. Ал егуге көп қаржы керек. Ондай қаражат мемлекет тарапынан қарастырылмаған. Оны тек мал иесі ғана жасайды.
Ветеринарлардың мәліметі бойынша, былтыр шығыста 17 мыңнан астам мал бруцеллезге шалдыққан. Бүгінде аймақта 16 ауылдық округтің малы карантинде тұр. Дерт одан ары дендемес үшін сапалы вакцина егу, малдың тасымалын бақылау, ауру ошағын залалсыздандыру жұмыстары қатар жүргізілуі тиіс.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов