Көкшетауда волонтерлерді қолдау орталығы ашылды
Оның ашылу салтанатына орай волонтерлердің облыстық слеті өтті. Шара барысында үздіктер марапатталды.
Отставкадағы полиция полковнигі Қалымтай Шерьязданов – өмірінің 40 жылын волонтерлікке арнаған жан. Бұл қозғалыстың дамуына сіңірген еңбегі үшін жастар оған «Күміс волонтер» құрметті атағын берді. «Жақсылық жасау – сауапты іс», – дейді ол.
Қалымтай Шерьязданов, қала тұрғыны:
- Қатарымызда жүзден аса үлкен мекеме, кәсіпорын бар. Екі жүзден аса жеке кәсіпкер бар. Мұқтаж адамдарға адамдарға көмек көрсетемін. Оның ішінде жасөспірім балаларға көмектесіп келе жатырмыз. Еліміздің Президенті Волонтер жылы деп айтты. Сондықтан қазір жастармен көп жұмыс атқарып жүрміз.
Көкшетауда волонтерлерді қолдау орталығы ашылды. Бұл жерде қалалық және аудандық ұйымдардың жұмысы реттеледі. Сонымен қатар көмекке мұқтаж жандардың өтініші қабылданады.
Гүлзат Бекбауова, Ақмола облыстық Жастар ресурстік орталығының бөлім басшысы:
- Фронт-кеңседе түрлі брифингтер, семинар-тренингтер, оқу курстары өтеді. Сонымен қатар таңғы 09:00-ден кешкі 18:30-ға дейін қоңыраулар қабылданады. Арнайы чат жұмыс істейді. Оған жастарды ғана емес, қарияларды да тартамыз.
Биыл – Волонтер жылы. Сондықтан мемлекет тарапынан оларға жан-жақты қолдау жасалады. Осыған байланысты облыс әкімі «Қазақстанның волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрағасымен меморандумға тұрды.
Ақмола облысында 80-нен астам волонтерлік ұйым тіркелген. Бұл қозғалысқа 2 мың адам мүшелік етеді. Олардың басы слетте қосылып, үздіктер марапатталды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Азамат Қазжанов, Евгений Шинкоренко