Алматы облысында күріш алқаптары азайды
Бұл жұмыстарға әлемдік банк жүйесінен 5 млрд 300 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы бөлініпті. «Ол өз кезегінде күріш алқаптарының аумағын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қазір Балқаш ауданындағы Бақбақты, Бірлік, Ақдала ауылдарының маңында ирригациялық желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өйткені өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері тоғандар қараусыз қалып қойды. Салдарынан арнасы бітеліп, каналдардың ішін қамыс басып кетті. Су жүрмейді. Ал оның зардабын жергілікті шаруашылықтар тартып отыр.
Ақылбек Ботбаев бригадирлік ететін шаруашылық 1 500 гектар алқапқа күріш егеді. Соның шамамен 50-60 гектарына су шықпайды. Ал күріш – суды қалайтын, сумен өсетін дақыл. Сондықтан бұл жағдай өнімділікке кері әсер етуде. Өткен жылы кей алқаптарда әр гектардан 30 центнерден ғана өнім алынған.
Ақылбек Ботбаев, шаруашылық бригадирі:
- Суды насоспен айдайтын кей жерлер бар. Ол жерде ешқандай қиындық жоқ. Ал негізінен Іледен бері қарай кішкене проблемалар болды. Енді мынаны тазалағаннан кейін дұрысталатын шығар деп ойлаймын.
Каналдарды тазалау жұмыстарына «ПУИД – 2» бағдарламасы бойынша 5 млрд 300 млн теңге бөлінген. Бұл жоба өткен жылдың қараша айында қолға алынды.
Нұрлан Байғалиев, мердігер компания өкілі:
- Қазір істеп жатқан техникаларымыздың бәрі үлкен. Олар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Мына жерде әрбір каналдарда су бөлетін құрылғылар бар. Соларды біз айырбастауға міндеттіміз.
Мұндағы түпкі мақсат – суармалы жерлерді ұлғайту. Сол арқылы шаруаларға қолайлы жағдай жасап, өнімділікті барынша арттыру.
Бауыржан Дәрібаев, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Егін шаруашылығына келер болсақ, бізде 28 322 гектар суармалы алқап бар. Оның ішінде 8 861 гектарға күріш егіп отырмыз. 7 мың гектарға арпа-бидай, қалғаны мал азықтық дақылдарға арналған. Былтыр да жақсы өнім шықты. Күрішті 43-тен, арпа-бидай 21-ден алынды.
Балқаш ауданында күріш өсірумен айналысатын 30-дан астам шаруашылық бар. Олар өткен жылы орта есеппен 40,5 центнерден күріш алды. Нәтижесінде қамбаға 34 мың тонна өнім құйылды. Каналдарды механикалық тазалау жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс. Сол арқылы аудандағы күріш алқаптарының аумағын 2,5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев