Жамбыл облысында мал басы көбейіп келеді
Мәселен, бүгінгі күнге дейін Сарысу ауданындағы қожалық жетекшілері 4 мың бас ірі қараның 500-ін әкелген. Қанатқақты жобаға қатысып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін кооперативке қосылу қажет. Әрі өзінің жер телімін барынша тиімді пайдалануы керек.
Сарысу ауданында қанатқақты жоба негізінде кооператив құрылды. Оны дамыту үшін 900 млн теңге қарастырылып отыр. Қаражаттың басым бөлігі ауылшаруашылық техникаларын алуға жұмсалмақ.
Амантай Назарбеков, Байқадам ауылдық округінің әкімі:
- Қазіргі таңда кооперативке 87 млн теңгеге 20 техника өтінім берілген. Бүгінде 3 трактор, бір тұқымсепкіш, шөпшапқыш алынып отыр. Қалған тіркеме техникалары жақын арада алынатын болады. Осы кооператив бойынша ауданнан жер бөлінді.
Аталған бағдарлама арқылы 121 адам жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Солардың қатарында Болат Смаилов та бар. Ол ауылдағы лай кірпішпен салынған үйін кепілге қойып, 2,5% 3 млн теңге алған.
Болат Смаилов, Саудакент ауылының тұрғыны:
- Өзімізде шамалы мал болды. Отынымыз, көміріміз бар, бірақ көбейте алмай отырғанбыз. Мына несие өте ыңғайлы болып тұр. Бір жыл емес, екі жылдан кейін өзіміз де жемісін көреміз деген ой бар.
Болат Смаилов берілген қаржыға 8 жылқы сатып алыпты. Көктем шыға бие байлап, қымыз сатуды жоспарлап отыр. Қанатқақты жобада ауыл тұрғындарын малмен ғана емес, трактор және түрлі тіркемемен қамту қарастырылған. Ол бойынша аймақтағы 11 кооператив 200-ге жуық ауылшаруашылық техникасымен жабдықталып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатилла