Оралда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару құны қымбаттады
Тарифтің 33% өсуі осы іспен айналысатын кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалады. Қала көшелерінен көң-қоқыс уақытылы шығарылмай, тұрғындар тарапынан наразылық туындап жататын кездер аз емес. «Оның басты себебі – арнаулы техникалардың ескіруі», – дейді тиісті кәсіпорын басшылығы. Мұндағы ең жаңа көліктің өзі 7 жылдан асқан екен.
Рафхат Данағұлов, ЖШС директоры:
- Күніне 20 көлік шықса, соның кем дегенде жартысы, яғни 10 арнайы техника 2-3 сағатқа жөндеуге келеді. Сол себепті сағат 10:00-11:00-де бару керек мекенжайға көлік түс қайта барып жатады. Түс қайта бару керек жерге одан да кеш барып жатады.
Тарифтің көтерілуі енді кәсіпорынның жылына 3 жаңа техника алуына мүмкіндік бермек. Жалақы өсуі маман тапшылығын шешпек. Дегенмен түйінді жайттар әлі де баршылық. Оның бірі – заңды тұлғалардың келісімшартқа отыруға құлықсыздығы. Мәселен, орталық базар айналасында шашылған қоқыстан көз сүрінеді. Қаптаған қоймалардан шыққан қалдықтар үйлердің ауласындағы контейнерлердің айналасына үйіледі. Келіп көлікпен аударатындары да көп. Оларды тезге салуға тәртіп сақшылары асығар емес.
Лариса Горбатова, қала тұрғыны:
- Осы көшемен күнде өтемін. Аяқ басатын жер жоқ. Қоқыс тау боп жатыр. Түрлі целлофан пакеттер ұшып, айналаны ластауда.
Сәбира Едігеева, қала тұрғыны:
- Мен осы үйде тұрамын. Қоқыс маңын базардан әкелген жәшіктермен толтырып тастайды. Сыймағандарын жанына лақтырып кетеді. Жазда иістенеді. Тіпті немерелерімді ойната алмаймын. Аула лас.
Контейнерлерге сырттан қоқыс тастамас үшін мекеме тың тәсілдерге жүгініпті. Астана шағын ауданындағы қоқыс алаңдарының бірін қоршапты. Екі камера орнатылып, абоненттерге электронды кілт берген. Мұнда тек тұрғындар ғана кіре алады.
Нұрлан Ғаббасов, қала тұрғыны:
- Халық үйреніп келе жатыр. Тазалыққа арналған камералар бар.
Рафхат Данағұлов, ЖШС директоры:
- Егер бұл пилоттық жоба өзін жақсы жағынан көрсетіп жатса, әкімшілік есебінен қолдау болады деп сенеміз. Қалада тағы басқа жерлерде орнатылуы да ықтимал.
Өңірде жылына 99 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады. Жан басына шаққанда 150 келіден келеді. Көң-қоқысты өңдеп кәдеге жаратуда оларды сұрыптап жинау – өзекті мәселе. Бұл тұрғыда облыс орталығында нақты іс-әрекет бар. Күні бүгін 800 жерде пластик құтыларды бөлек жинау контейнерлері қойылыпты. Олардың санын биыл 1500-ге жеткізу көзделген.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов