Ақтаулық қайырымды шаштараз азаматтарды жұмыспен қамтуда
Тәжірибелі шаштараз 33 жылдан бері жұмыссыз жандарға шаш қиюды тегін үйретіп, еңбекпен қамтып келеді.
Ол ата-анасының қарсылығына қарамастан ЖОО-ны тастап, осы шаштаразбен айналысқан.
Жалғызбасты ана Нина Базарбаеваның өмірі жарты жылдан бері түбегейлі өзгерген. Қыз-келіншектерге қызмет көрсетіп, табыс табады. Ең бастысы сүйікті ісімен айналысып жүр. Қысқартуға ұшырап, жұмыссыз күйзелісте жүрген жерінен Құралай Байғалиеваға жолыққан. Тәжірибелі шаштараздан шаш қиюды үйреніп, ұстазының салонында еңбек етуде.
Нина Базарбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бұрынғы жұмысымнан гөрі осы жұмысымды сүйіп жасаймын. Өйткені ынтамды, жігерімді ашқан – Құралай Тәжігерейқызы. Әрі қарай жұмыс жасауыма қолұшын берген, көмектескен де осы кісі.
Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған ерлі-зайыпты Нұрлан мен Әсел де Құралай ханымның шәкірттері. Бір ай бойы шаштараз мамандығының қыр-сырын меңгеріп, өткен айдан бастап халыққа қызмет көрсете бастады.
Нұржан Калинов, шаштараз:
- Құралай апайдың көмегімен өмірімнің жаңа парағы ашылды. Өте мейірімді жан. Жасаған көмегін міндетсінген емес. Анамыз секілді. Қазір мүгедектер арасындағы шаштараз ісін дамыту үшін жүгіріп жүр. Алғысым шексіз.
Құралай Байғалиева 33 жылдан бері шаштараз қызметін атқарып келеді. Ата-анасының қарсылығына қарамастан жоғары оқу орнын тастап, шаштаразға келген. Содан бері мамандығына деген адалдықтан айныған емес. Аруларға әсемдік сыйлаумен қатар 400-дей жасты осы кәсіпке тегін баулыған.
Құралай Байғалиева, шаштараз:
- Жаратылысым ғой. Сондай адамдарды көрсем, көмектескім келіп тұрады. Керек уақыттарында жандарында боламын. Өздерінің қалтасын ойлаймай, жанындағы адамдарды да ойлау керек. Бір-біріне көмектесіп, жақсы қарап, жылы қараса, ризашылығы болса, өмірде де жақсы болады.
Екі бірдей сұлулық салонын іске қосып, кәсібін дөңгелетіп отырған Құралай Байғалиева болашақта оқу орталығын ашуды көздеп отыр. «Мақсатым – шаштараз болуға ниетті жандардың кәсіби білім алып, жұмыспен қамтылуына жол ашу», – дейді кейіпкеріміз.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев