Батырлар туралы аңыз үлкен экранға жол тартады
Көшпенділер дәуірін қамтыған тарихи драма жоңғар шапқыншылығындағы қазақ батырларының ерлігін әспеттемек. Түсіру тобы мұрағат ақтарып, тарихшылармен кеңесіп, фильмде көптеген шынайы реквизитті пайдаланған. Бірнеше ғасыр бұрынғы оқиғаларды кино тілімен сөйлеткен туынды 12 наурызда экранға шығады.
ХVII ғасырдың басы. Жетісу жерін жаулап алған жоңғарлар жазғы жайлауларды еркін жайлаған. 19 жастағы Қарасай елін жаудан қалай азат етуді ойлайды.
Асқар Ұзабаев, режиссёр:
- Әдетте бізде кинода батыр болып танылған, ерлігімен елін қорғаған тұлғаларды көрсетіп жатады. Ал мен жас жігіттің батыр болып қалыптасу жолын көрсеткім келді.
Киноны түсіру барысында режиссер тарихшылармен бірнеше ай бойы кеңескен. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі табиғат фильм түсіруге үлкен мүмкіндік берді. «Алайда ауа райының құбылуы біршама кедергі келтірді», – дейді режиссер. Дегенмен түсіру жұмыстары тоқтамаған.
Асқар Ұзабаев, режиссёр:
- Бір үлкен сахнаны 5 күн бойы түсірдік. Бұл ауқымды шайқасқа «Номад» каскадерлері қатысты. Жауды еңсерген соғыс көріністеріне 70 каскадер атымен, оған қоса 50-ге жуық жаяу жауынгерлер атсалысты.
Актерлерге атпен шабуды меңгеріп қана қоймай, жыртқыш аңның тілін табуға тура келген. Кино үшін жас жолбарыс Мәскеуден арнайы әкелініпті. Түз тағысының қай эпизодта болатыны әзірге құпия. Ерекше көрініске көрермен премьерада куә болады.
Ринат Сафаров, продюсер:
- Аңды жеткізуде қиындықтар болды. Жолбарысты тасымалдау үшін тиісті анықтамалар керек екен. Киноны түсіру кезінде оны жоғалтып ала жаздап, абырой болғанда тауып алдық. Арнайы қорекпен қоректенетін жолбарысты бірге келген үйретуші қыз баптады.
«Көшпенділер дәуірін дәл көрсету үшін фильмдегі ұсақ-түйекке дейін мұқият мән беруге тырыстық», – дейді түсіру тобы. Тарихтағы қазақ батырларының ерлігін паш еткен фильм 12 наурызда еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жумабаев