41 жасар келіншек ата кәсіпті қолға алды
Қызығынан қиындығы басым кәсіпті жүргізуге бел буған қайсар келіншек биыл өз алдына бір үйір жылқы алып, іске кірісті.
Жылқы десе, жанын беретін қазақ үшін Қамбар ата төлінің қасиеті ерекше. Соңғы жылдары ата кәсіпті жандандырып жылқыны жанына серік етуге тәуекел етушілер саны артып келеді. Соның бірі кәсіпкер келіншек – Жаңылсын Мағзомова.
Жаңылсын биыл қолы жеткен бір үйір жылқысы туралы жырлаудан жалыққан емес. Ала таңнан тұрып көздейтіні де солардың жай-күйі. Жыл он екі ай түзде жүретін түлікті таңдаған себебін кейіпкеріміз былайша түсіндірді.
Жаңылсын Мағзомова, жылқышы:
- Жылқы алғандағы мақсатым – ата кәсіпті жалғастыру, балаларыма үлгі болу. Жолдасыммен ақылдаса отырып, 10 бие сатып алдым. Атырауда қымыз қымбат екенін білеміз. Бұл енді бір жағынан бизнес, үлкен пайда болып табылады. Әрине, қиын екенін білемін, бірақ ата кәсіпті жалғастыру керек.
Бүгінде мұнайлы өңірде қылқұйрыққа деген құштарлық артып келеді екен. Былтыр мемлекет қолдауымен шаруалар 524 бас жылқы алды. Жаңылсын да ер азаматтың өзін сынайтын жылқышылықты кәсіп етпек.
Эльвира Қалқашева, АШҚҚ мониторингтік талдау бөлімінің маманы:
- Біздің қор арқылы соңғы жылдары қыз-келіншектеріміз көптеп несие алуда. Соның ішінде өз ісін жылқыдан бастаған Мағзомова Жаңылсын бар. Жаңылсын – өте еңбекқор адам. Несиеге жылқы малын сатып алып, сол уақыттан бері қарай осы малының қасында жүр.
Бүгінде Жаңылсын жайлауға көшуге қамданып жатыр. Биелерін кең далада құлындатпақ. Ол үшін 120 гектар жайылымдық жер алған. Ал ауыл іргесіндегі мына телімге мал азығын егемін дейді.
Жаңылсын Мағзомова, жылқышы:
- Биылдан бастап жоңышқа егуді жоспарлап отырмын. Бұл – малдың азығын өзіміз дайындайық деген ой. Енді «еңбек етемін» деген адамға қолдау көп.
Қайсар келіншек келешекте жылқыларын асылдандырып, ат баптауды қолға алмақ. Оған жолдасы Жасұланның икемі бар екен. Ендеше Жаңылсынның жүйріктері аламанда топ жарып жатса, таңғалуға болмас.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев