Оңтүстік Кореядан 193 қазақстандық жеткізілді
Бірі телефон бойынша қашықтықтан бақылауда болса, енді бірі міндетті түрде карантинге жатқызылады. Оңтүстік Кореядан келгендер тап осы соңғы топқа кіреді. Айтпақшы Алматыға, Нұр-Сұлтанға Сеулден отандастарымыз жеткізілді. Сақтық үшін бәрі де арнайы орындарға жатқызылды.
5 наурыз күні Сеул – Алматы әуе рейсі келді. Бортта 197 жолаушы болған. Оның 100-і қазақстандықтар екен. 23 адам Қырғызстан, 37-сі Өзбекстан, 16-сы Ресей, 18-і Украина, 2 адам оңтүстіккореялық, біреуі Тәжікстан азаматы. Сағат 16:00-де тағы бір әуе рейсі Сеулден Нұр-Сұлтанға 178 жолаушыны жеткізді. Қазақстандықтар 93 адам, 31 жолаушы Ресей, 51 адам Өзбекстан, қалған үшеуі Грузия азаматы болды.
Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Шетел азаматтары бізде қалған жоқ. Олар әуежайда болып, тиісті рейстермен өз елдеріне жіберілді. Ал қырғызстандықтар тәртіп сақшыларының және дәрігерлер бақылауымен автобуспен тасымалданып шекара асырылды.
Ал өз отандастарымызға келсек, бәрі де карантинге жатқызылды. Арасында балалар да бар. Олардың ешқайсысында ауру белгілері жоқ.
Динагүл Баешова, ҚР Бас инфекционист дәрігері:
- 14 күннен кейін тағы да анализдерді аламыз, егер коронавирус анықталмаса ол адамды үйіне жібереміз.
Мамандардың айтуынша, ауру 80% жағдайда жеңіл түрде өтеді екен. Сондықтан қауіптілігі аса жоғары емес елден келгендер үй карантиніне жатқызылуда. Дәрігерлер олардың жағдайын қоңырау шалып, біліп отырады. Сондай-ақ қазір еліміз бойынша көпшілік шараларды өткізу кейінге қалдырылды. Әуе компаниялары вирус шыққан елдерге рейстерін уақытша тоқтатты. «Бұл да сақтық үшін жасалып отырған шаралар», – дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Байқағанымыз, ел азаматтары да осы пікірді қолдайды екен.
Сонымен қатар Құрық және Ақтау порттары Иран мен Әзербайжаннан автопаромдарды қабылдауды уақытша тоқтатты. Ол жақта да қазір ахуал қиын болып тұр. Қорыта айтқанда, себеп салмақты екенін, түрлі шектеулердің сол үшін жасалып жатқанын қазір әркімнің толық түсінуі маңызды.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Жандос Битабаров