Атырау облысында су тапшы
Бір кездегі су арналарын қазір құм басып, жарамсыз болып қалған. Жалпы облыста 1152 шақырым канал бар. Олар мұнайлы өңірдегі жалғыз тұрақты су көзі Жайық өзеніне тәуелді.
Соңғы 2 жылдағы құрғақшылық салдарынан жалғыз өзеннің де өзегі тарылып барады. Өңірде мал басы мыңдап өсіп, егіс көлемі артып келе жатыр.
Ресми деректерге сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егісті лимандық және жайылымдық жерлерін суландыруға арналған жалпы ұзындығы 1152 шақырым болатын 15 канал бар. Алайда олардың барлығы дерлік тозып, пайдалануға жарамсыз күйге жеткен. Шаруалар қолдағы төрт түлігіне су тауып бере алмай отыр.
Теңелсін Құбай, жеке шаруа:
- Қиырдағы Мақат ауданы шаруагерлері үшін су тапшылығы білініп тұр. Мына «Сыбаға» бағдарламасымен сиыр, жылқы алып едік. Соларға су тауып бере алмай отырмыз. Жақсы жайылымдық жерлерде құдықтар ащы, каналдарда су жоқ. 1 машина су 5 мың теңге тұрады. Оны жанар-жағармайы бар жайылымға жеткізгенде бағасы қымбатқа шығады.
Қалыптасқан мәселені шешу үшін жергілікті биліктің қолдауымен кешенді бағдарлама жасалған. Сөйтіп 14 канал облыстың құзырына өтіп, бюджет қаражатына жөнделе бастады. Нәтижесінде 4 канал аршылып, Махамбет, Индер және Исатай аудандарының өрісі кеңейді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ.
Қайрат Нұрлыбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- 2020 жылы 3 үш канал жөнделіп, пайдаланылуға беріледі. Олар: Тереңөзек-Алға-Егіз, Сарыөзек, Алғабас-Жорық каналы. Бұл каналдар 20-30 жылдан жөндеу көрмеген. Қазір судың деңгейі төмен. Жауын-шашын жыл сайын кеміп келе жатыр.
Атырау облысында өзен-көлдер тапшы. Мұндағы мал мен жанның күнкөрісі Жайық өзеніне тәуелді. Жайық өзені жылына 25 млн текше метр су бере алады. Артыққа қауқары жоқ. Өкініштісі, өткен 2 жылғы құрғақшылық салдарынан Жайық жөндеп тасымады. Жайық өзені бұрынғы арнасынан ондаған метрге шегініп кеткен.
Алайда бұл трансшекаралық өзен болғандықтан, Жайық мәселесін екі ел бірлесіп қолға алмаса, түйткілдің түйінін тарқатуға жергілікті биліктің мүмкіндігі жоқ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов