Мемлекеттен қаржылай көмек алған көпбалалы 11 отбасы өз кәсібін ашты
Былтырдан бері тек шығыста 100-ден аса отбасы жеңілдетілген несие мен грант алып, өз істерін ашты. Ал Риддер қаласындағы көпбалалы аналар өзара бірігіп, кәсіп ашып жатыр. Олар мемлекеттен берілген демеу қаржыға сән салоны мен наубайхана сияқты кәсіп түрлерін жолға қойып үлгерген.
Шағын шаһар Риддерде өндіріспен бірге шағын кәсіпкерлік те біртіндеп дамып келеді. Негізінен қызмет көрсету саласында кәсіптен нәсіп табатындар саны артқан. Ол үшін тек былтыр 11 көпбалалы анаға мемлекеттен 505 мың теңгенің гранты берілді. Осы демеу қаржыға бәрі де өз істерін бастады. Меруерт Исаева үш көпбалалы анамен бірілесіп былтыр сән салонын ашқан. Қазір кәсіптерін жолға қойып үлгерді.
Меруерт Исаева, көпбалалы ана:
- Екеуі көпбалалы ана, біреуі жас маман. Көп адам болсақ, көбірек тұтынушы да болады. Өйткені әйел адамдар сән салонына келген соң бәрін жасағысы келеді. Біз кейде тырнақ жасап отырып шашын, қасын жасап бере аламыз.
Құрбановтардың отбасы 5 жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы 3 бөлмелі пәтер алды. Көпбалалы отбасының отағасы құқық қорғау саласында қызмет етеді. Ал жұбайы Анель бастапқыда балабақшада жұмыс істесе, былтырдан бері өз кәсібін ашқан. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымының бәрін тігеді. Енді оңтүстіктегі жұмыссыз жүрген жас мамандарды Риддерге шақырады.
Анель Құрбанова, көпбалалы ана:
- Бұл жерде маман өте аз. Мұғалімдер де, дәрігерлер де жетіспейді. Сондықтан келіп, өз кәсіптерін ашса да болады. Келуге кеңес беремін. Мен сияқты грант алып, өз істерін бастауға мүмкіндік өте мол.
Он балалы Марина Соболева наубайхана ашуды жоспарлап отыр. Бұл істі көпбалалы үш ана бірігіп қолға алған. Мемлекет берген грантты қажетті құрал-жабдыққа жұмсады. Енді біраз күнде наубайхана іске қосылмақ.
Марина Соболева, көпбалалы ана:
- Біз былтыр қазан айында арнайы бизнес курсын оқып алдық. Арнайы сертификат алған соң біріге кәсіп істеу жөнінде келістік. Өйткені наубайхана жұмысы бір адамға ауыр болары сөзссіз.
Риддер қаласы әкімдігі бірігіп кәсіп бастағысы келетін көпбалалы аналарды қолдаудың бағдарламасын түзген.
Евгения Нужных, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
- Ең бастысы біз тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға кәсіптің қандай түрімен айналысуға қолайлы екеніне бағыттаймыз. Сосын бірігіп әрекет етудің тиімді екенін түсіндіреміз. Жұмыстары жолға қойылғанша қадағалаймыз.
Риддердегі тұрғындардың дені ірі өндіріс орындарында еңбек етеді. Енді өңірдегі атқарушы билік шаһарда шағын кәсіпкерлікті де дамытуға күш салып жатыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин