Коронавирусқа байланысты елімізде 703 адам карантинге жатқызылды
Оның ішінде жұмысбасты азаматтарға сырқаттық парақша берілуде. 3019 азамат медициналық бақылауда. Осыған байланысты қоғамдық орындарға мейлінше шықпау туралы кеңес берілуде. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, әлемге тараған індет күн санап өзгеріске ұшырауда. Алайда бұл қауіптіліктің беті қайтқанын білдірмейді. Өйткені егде жастағы және созылмалы ауруы бар адамдар арасында індеттің таралу қаупі бұрынғыша жоғары. Бүгінде ел аумағына Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ираннан және Италиядан туристердің келуіне тыйым салынды. Сондай-ақ коронавирустан сақтанған ата-аналар балаларын қоғамдық орындарға көп жібермейтін болған. Мамандар әлемді дүрліктірген вирустан қорғанудың жолдарын айтты.
Динагүл Баешева, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі:
- Егер біз мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің айтқанын орындасақ, елімізде коронавирустың тарауын шектейміз. Індеттен сақтанудың 5 тәсілін естен шығармайық. Біріншісі: коронавирус тіркелген мемлекеттерге бармау. Екіншісі: қалаңыздағы адам көп жиналатын орындарға бармау. Қолды үнемі жуып, таза ұстау керек. Бастысы түшкіру мен жөтелу мәдениетін сақтауды ұмытпаған жөн. Бұл ережелер вирус жұқтырмауға көмектеседі.
Түрлі сыртқы факторлар және ғылыми мақалалардың әсерінен деректер сәт сайын өзгеруде. «Қазақстан Үкіметі тарапынан вирустың ел аумағына кірмеуі және тарамауы үшін кешенді шаралар жасалуда», – деп жазды өзінің Facebook парақшасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Үй карантиніндегі адам бар отбасы мүшелері сақтауы тиіс ережелер:
- Карантиндегі адам бөлек бөлмеде болуы тиіс;
- Отбасының сау адамдарымен бір жерде отырмағаны абзал;
- Науқас пен оның отбасы мүшелері медициналық бетперде мен қолғап пайдалануы керек;
- Қол алысып амандаспау және ауызды жауып жөтелу;
- Карантиндегі адам бар үйде 65 жастан үлкен адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, иммунитеті төмен және созылмалы жүрек, өкпе мен бауыр аурулары бар адамдар болмауы тиіс;
- Оқшаулануға мүмкіндік болмаса, медициналық мекемеге карантинге жатқызылады.
Ал үй карантиніндегі адамға қатысты шарттар:
- Үйден шықпау, есігі жабылатын, ауасы тазартылатын бөлмеде жату;
- Үйден тек керек ем алу үшін аз уақытқа ғана аузы мен мұрнын бетпердемен жауып шығу;
- Жөтелгенде не түшкіргенде басқаларға жұқтырмау үшін аузын бірреттік беторамал немесе шынтағымен жабу;
- Жөтелден кейін іле-шала қолын сабынмен жуу немесе спиртік антисептикалық құралмен сүрту керек;
- Тамақ ішер алдында және одан кейін, дәретханадан кейін міндетті түрде қолды сабындап жуу қажет;
- Мүмкіндігінше бөлек дәретханаға бару;
- Қызуы көтеріліп, респираторлық симптомдар байқалса, сall-орталыққа немесе жедел жәрдемге телефон шалып, карантинде екеніңізді және хабарласу себебін айту керек.