Коронавирус Еуропа елдерінде тез тарап барады
Дүниежүзілік сауда ұйымы 20 наурызға дейін барлық жиынды шегерді. Бүгін вирусты жұқтырғандар Түркия, Конго, Боливия мен Ямайкада анықталды. Ал ертеңнен Украинада карантин енгізіледі. Оқу орындары жабылып, 200-ден аса адам қатысатын іс-шаралар өткізілмейді.
Осыдан 3 ай бұрын Қытайдың Ухань қаласында шыққан коронавирус Түркияға да жетті. Індет жұқтырған ер адам жақында Еуропадағы саяхаттан оралған. Халық үрейлі. Эпидемия басталғалы бері бетпердеге сұраныс артып, бағасы 10-15 есеге қымбаттап кеткен. Түркиялықтар тіпті бір-бірімен қол алысып амандасудан бас тартып, қолдарын кеудесіне қойып амандық сұрамақ.
Фахреттин Қожа, Түркияның Денсаулық сақтау министрі:
- Қажет болмаған жағдайда шетелге шықпауға кеңес береміз. Шетелден келгендер 14 күн бойы өздерін оқшаулағандары дұрыс. Сондай-ақ күнделікті тазалық шараларынан бастап қандай жағдайларда медициналық мекемелерге бару қажеттігі жөнінде ережелерімізді жарияладық.
Еуропада коронавирусты жұқтырғандардың саны күн сайын артып барады. Испанияда соңғы бір аптада бұл көрсеткіш 10 есе өсіп, дертке шалдыққандар 1700-ге жуықтады. 35 науқас қайтыс болды. Елде вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қосымша шаралар енгізіліп жатыр. Кей аймақтарда оқу орындары жабылып, тұрғындардың үйден шықпауына кеңес берілді. Сонымен қатар Италиядан келетін барлық рейс тоқтатылды. Соңғы ақпаратқа қарағанда онда 10 мыңнан астам адамнан инфекция табылып, кемінде 600 адам көз жұмды. Ал Францияда індетті жұқтырғандар саны 1800-ге жуықтады. Грекияда да COVID-19 80-нен астам тұрғыннан табылды. Ел билігі барлық балабақша мен оқу орындарын жабуды ұйғарды. Ал Ұлыбританияда қауіпті вирусты Денсаулық сақтау министрінің орынбасары жұқтырған.
Коронавирус әлем елдеріндегі туризмді тұралатқаны мәлім. Осы күндері Таиландтың Пхукет аралында туристер саны күрт азайған. Аралға саяхаттап келушілердің дені қытайлықтар болатын.
Коронавирус кесірінен шығынға белшеден батттық. Көшеде жүрген шетелдіктердің саны аз.
Қазір сапарлар кейінге шегеріліп, әуе тасымалдаушылар ішкі және сыртқы рейстерді тоқтатып, туристік компаниялар, қонақүйлер, мейрамханалар шығынға батып жатыр. Осы ретте Еуроодақ елдері зардап шеккен компанияларға өтемақы төлеу жағын қарастырмақ.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия Президенті:
- Коронавируспен күресу үшін инвестициялық қор құрмақпыз. Ол денсаулық сақтау саласы мен шағын және орта кәсіпорындарды, сонымен қатар еңбек нарығын қолдауға негізделеді. Жалпы бұл қорға 25 млрд еуро құю көзделген.
Бүгін Индонезияда коронавирустан 1 адамның қайтыс болғаны белгілі. Сондай-ақ қауіпті вирустан көз жұмғандар Бельгия мен Мароккода да бар. Індетті жұқтырудың алғашқы деректері Түркияда, Конго Демократиялық Республикасы мен Ямайкада тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша вирус әлемнің 110 еліне тарап, оны жұқтырғандар саны 113 мыңнан асты.
Авторы: Меруерт Жақан