82 жастағы ақсақал ауылдастарына йога үйретеді
Осының арқасында ол ширақ қимылдап, өзін сергек сезінеді. Қоғамдық жұмыста да белсенді. Ақсақал ауылдастарына йогадан тегін сабақ береді.
Сағынғали ақсақалды жерлестері ерекше құрметтейді. Өйткені ол – ауылдың бірнеше буын спортшыларын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. 1968 жылы Башқұртстандағы дене шынықтыру техникумын бітіргелі туған жерінде еңбек етіп келеді. Ал 2000 жылдан бастап йогаға көңіл бөліпті. Бастапқыда газет-журнал беттерінен, кейін ғаламтордан осы бір спорттың қыр-сырын меңгерген екен. Бертін келе өз білгенін ауылдастарына үйретуде.
Сағынғали Досжанов, ардагер спортшы:
- Сейсенбі-бейсенбі күндері мүгедектер мен зейнеткерлерге 2,5 сағаттай үйретемін. Сосын кешкі 18:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтіндерге сабақ беремін. Екі топ аштық. Көп пайдасы бар. «Буының жұмсақ, жақсы болса, денең жасарады, аяқ-қолың мықты болса, кәрілікті тоқтатады», – дейді.
Аға буын ақсақалдың әрекеті, өнегесі өзгеге де ой саларлық. Бүгінде Тасқалада йогаға құмартушылар аз емес. Басым бөлігі егде буын. 72 жастағы Рысқаным Хангереева – солардың бірі. Спортпен айналысқалы көп дертіне дауа тауыпты.
Рысқаным Хангереева, Тасқала ауылының тұрғыны:
- Әуелде полиартирт, остеопороз болып, қимылдауға өте қиын болды. Сосын қан қысымым да біресе көтеріліп, біресе түсіп кететін болды. Ал қазір денсаулығым жақсы.
Мақсат Залиев, ауыл тұрғыны:
- Ағай жөнінде айтсақ, ол бір жылы мені өзенге апарды. Мұз енді ғана еріген. Сол күні суға үйрек сияқты сүңгіп шықты. Артынан барып едім, тізеден бардым да, судан атып шықтым. Салқын су сүйекті шымырлатып бара жатты. Шыдай алмадым. Ағай екінші рет тағы да сүңгіп шықты.
Сағынғали Досжанов жетекшілік ететін «Денсаулық» клубының құрылғанына биыл 10 жыл. Осы мерзімде салауатты өмір салтын насихаттауға клубтың қосқан үлесі зор.
Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы