Павлодарда бизнесті қолдаудың қосымша шаралары қолға алынады
Оларды қолдауға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлік саласы қаншалықты қолдау тауып жатыр?
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік сала мекемелері үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Ал төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлік саласы зардап шекпес үшін тиісті шаралар кешені қолға алынады. Бұл туралы облыстық комиссияның экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияда сөз болды.
Депутаттар шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін талқылады. Сала мамандарының айтуынша, қолдау жұмыстары мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көрсетіледі. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңге қарастырылған. Оның 1,7 млрд теңгесі проценттік мөлшерлемені субсидиялауға бөлінеді. Сонымен қатар қарапайым заттар экономикасына да басым беріледі. Жалпы облыста шағын және орта бизнестің 45 мыңнан астам субъектісі бар. Олардың әрқайсысы қолдаудан тыс қалмауы тиіс.
Сәкен Шаяхметов, облыс әкімінің орынбасары:
- Біз кәсіпкерлер мен өнеркәсіп үшін осы бизнестің әлсіреуін қысқартуға тиіспіз. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына 20-25 млрд, «Еңбек» бағдарламасына 6,7 млрд теңге бөлінген. Ол нақты үш мыңнан астам жобаны және бір мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орнын құруға бағытталады. Үкімет пен облыс әкімдігі осы кризис бойынша кәсіпкерлерге өте көп назар аударады. Олар – біздің экономикамыздың іргетасы.
Қазіргі таңда облыста коронавирустың таралмауына жол бермеу мақсатында сақтық шаралары күшейтілді. Мамандар қазіргі таңда дезинфекциялық өнімдермен және медициналық құралдармен қамтылып жатыр. Жалпы облыста зарарсыздандыру шараларына қосымша 39 млн теңге бөлінді.