Дәрігерлер күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуде
«Олардың бәрі аурудан дін аман болғанына қуандық», – дейді дәрігерлер. Соңғы рет Италиядан келген жолаушылар 2 апталық карантинге алынған. Олар елімізге бірнеше күн бұрын келген. Әр бокста екі адамнан жатыр.
Қазима Қажыкенова, медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары:
- 10 ақпаннан бері бізде 530-дан артық адам карантинде болды. Қазір оның 330-дан артығы шықты. Қазір 200-ге таяу адам жатыр. Коронавирус ешкімнен анықталған жоқ. Бәрінің дені сау.
Жолаушылардың барлығы тиісті зертханалық сараптамадан өтеді. Ал дәл осы уақытта стационарға жатқызылған азаматтардан ауру белгілері анықталмаған. Дегенмен карантинде жатқандармен үнемі байланыс жасайтын дәрігерлердің өз бастарын қауіпке тігіп жүргенін айту керек.
Карантиннен босатылғандар әрі қарай тұрғылықты жерлері бойынша 10 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Қиын сәтте азаматтардың амандығын қамтамасыз ету үшін жедел жәрдем қызметі де үзіліссіз жұмыс істеуде. Дәрігерлер күн сайын шамамен 3 мың шақыртуға барады. «Дегенмен өз қауіпсіздігімізді де ұмытпаймыз», – дейді жедел жәрдем дәрігерлері. Олар қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Авторы: Гүлжан Гөленқызы, Эдуард Кон