Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды
Әулиеаталық жұрт қазір жер жыртып, көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріскен. Пилоттық жоба аясында 11 ауылдық округте аула іргесі мен ауыл сыртындағы 20 мың гектарға жуық жерді тиімді пайдалану көзделіп отыр. Қазір кейбір тұрғындар несиеге алған малдарын төлдетіп, алғашқы пайдасын да көре бастады.
Сахид Юсупов ауласындағы 14 соттық жерін жырттырып, көктемгі егіске дайындалып жатыр. Ол жоба басталғанда жергілікті жерде құрылған кооперативке мүше болып кірген еді. Қазір сол ұжым көктемгі дала жұмыстарына техникамен жәрдем беруде. Ауыл тұрғыны: «Биыл картоп, қызанақ пен қияр егемін», – деп отыр.
Сахид Юсупов, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Кооперативке рахмет! 4 мыңнан айдап, мал салады. Ұрығын да береді. Одан артық не керек? Мысалы, мен бір қап егіп, үш қап алатын болсам, оның бір қабы кооперативке кетеді. Екі қап маған қалады.
Пилоттық жоба аясында құрылған кооперативтер үшін қазір өте жауапты кезең. Мәселен, Бесағаш ауылдық округі бойынша «Іске сәт» кооперативі жұмыс істеп жатыр. Ұжым базасы биыл қаңтар айында ауыл шаруашылығына қажетті су жаңа техникалармен толықтырылған. Бүгінгі күнге дейін 50-ге жуық адамның ауласындағы жерді жыртып, шетінен тұқым тарата бастады.
Қадыржан Дөненбаев, кооператив директоры:
- 90 гектар жерге арпа егіліп қойды. Енді жоңышқа мен жүгері егумен айналысамыз. Арпа егуді де толық бітіреміз.
Жобаға қатысып, мал ұстап отырғандар да көбейді. Түрксіб ауылының тұрғыны Ырысбек Иманалиев 5 млн теңге жеңілдетілген несиеге 5 жылқы және 5 буаз сиыр сатып алған. Қазір төлдетіп, еті мен сүтін сатып кәсібін дөңгелетіп отыр.
Рысбек Иманалиев, Түрксіб ауылының тұрғыны:
- Бір жылдан кейін барып төлейміз. Ол өте ыңғайлы ғой. Оған дейін мал да өсіп қалады. 300-ге жуық қора бар. Сүтін жібереміз. Етті де жіберіп жатырмыз. Жаман емес.
Жалпы жоба өңір бойынша 10 аудандағы 11 ауылдық округте жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлініп, жұртқа бұрын-соңды болмаған 2,5% жеңілдікпен несие берілді. Оның 6 млрд-тан астам теңгесіне 42 мыңдай мал мен құс сатып алынды. Кооперативтер құрылып, 200-ге жуық ауыл шаруашылығына қажетті техникамен қамтамасыз етілді.
Ерлан Құлкеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қосымша тағы да 11 млрд-тан астам қаражат бөлу ұсынылды. Үкімет тарапынан келісім берілді. Ол ақшаны тура осы шарттармен төмен пайыздық несиелендірумен береміз. Әр ауданнан тағы 2 ауылдық округ қосымша іске қосылады.
Жоба ауқымы ұлғаяды. Нәтижесінде 65 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Халық мүмкіндікті тиімді пайдаланса, облыс тұрғындарының табысы артып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де ілгерілейді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә