Елбасы сын сағатта ортақ істен сырт қалмауға шақырды
Халыққа жолдаған үндеуінде Елбасы Қазақстанның бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатынына сенім білдірді.
Ол үшін осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандық Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауы маңызды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қиын жағдайды еңсеру үшін қосымша ресурстар жұмылдыру қажеттігін айтты. Елбасы: «Әрбір азамат қолдан келген үлесін қоса білуі қажет», – деді.
Қазір жұрттың ұйқысы тыныш болғанымен, көңілдерінде алаң жатқаны анық. Қауіпті індет жиһанның 155 мемлекетінде соның ішінде Қазақстанның да аумағында таралуда. Коронавирустың «қамыты» біз секілді дамушы елдер былай тұрсын, дамыған елдердің де мойындарын қажап барады. Елбасы дәл бүгінгі ахуалды 90-жылдардың тоқырауымен салыстырды. Расында, қазіргі экономикалық дағдарыс, шикізат, валюта, қаржы нарығындағы құлдырау сол кезеңдегі қиындықтан бір мысқал да кем емес. Бірақ: «Сол қиындықты еңсере білген елдің бұл жолы да еңсесі түспейді», – дейді Елбасы. Ол үшін қажетті шараның бәрі қолға алынды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау. Қазір коронавирус инфекциясының залалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда. Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда. Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды. Мен мұны толық қолдаймын!
Қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев қиын кезеңде халыққа қол ұшын созамын деушілерге арналған Республикалық қор құруды ұсынды. Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Қорға қолдау білдіруге отандық ірі кәсіпорындарды шақырды. Кезінде апаттан кейінгі Арысты қалпына келтіруде де бизнес өкілдері белсенділік танытқан еді. Елбасы мұндай мәрттік тағы да жалғасын тапса екен деген ниетін білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Еліміздің кен өндірісі мен шикізат ресурстарын өңдеу және өнеркәсіп саласындағы ірі инвесторлар да Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұрғындарына қолдау көрсетуге тиіс. Қиындықта қол ұшын беру – халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет, игі дәстүр. Қазіргі уақытта ең әуелі аса мұқтаж жандарға көмек көрсету керек. Менің тапсырмаммен Nur Otan партиясының жобалары аясында 150 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін менің шешіммен Тұңғыш Президент Қоры есебінен тағы 200 млн теңге бөлінді. Жалпы коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын Nur Otan партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Назарбаев карантинге байланысты мәжбүрлі демалысқа кеткен азаматтардың жай-күйіне алаңдаулы. Сондықтан жұмыс берушілерге жұмыс орындарының сақтауды, жоспарланбаған еңбек демалыстарына ақы төлеуді сұрады. «Қауіпті инфекцияға қарсы тұрушы дәрігерлерді, еріктілерді, әскери қызметкерлер мен полиция қызметкерлерін қолдау керек», – дейді. Өйткені олар жеке басының мәселесімен емес, тұтас мемлекеттің проблемасымен күресуде.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар. Мен ұлтты ұйыстырудың, бірлік пен қоғамдағы келісімнің маңыздылығын үнемі айтып келемін. Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды. Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын. Бірлік барда алынбайтын асу жоқ. Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей. Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін. Біз біргеміз!
Мемлекет құру қиын, ал оны төтеннен келетін осындай сын-қатерден қорғау және сақтап қалу одан да қиын. Қазақстан – әлемдік экономикаға кіріккен ел. Сондықтан кез келген дағдарыс бізді айналып өтпейтіні анық. Сондықтан қысылтаяң кезде маңызды шешім қабылдай білу көрегендік. Сын сағаттағы Елбасының үндеуі – соның бір дәлелі.
Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:
- Әрине, отбасымыз, туған-туыстарымыз үшін алаңдаймыз. Өйткені өзге елдердегі әсіресе Қытай мен Италиядағы жағдайдың қалай ушыққанын көріп отырмыз. Үрей билеген осындай сәтте Елбасының халыққа үндеу жолдауы көңілге сенім орнатады. Ол үнемі өз сөзінде бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ екенін айтып отырады. Міне, ауызбіршілігімді көрсетер сәт туды. Елбасы айтып отырған арнайы қор құрылып, шын мұқтаждарға көмек көрсетілсе, құба-құп болар еді.
Таисия Мармонтова, Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры:
- Ел басына сын сағат туғанда мемлекеттің абыройлы азаматтарының халыққа үндеу жолдауы өте маңызды. Өйткені қысылтаяң шақта халықты бір мақсатқа жұдырықтай жұмылдыру қажет. Елбасы үндеуінің мақсаты да осы. Дертпен күресіп жатқан топқа бизнес өкілдері қолдау көрсетсін деген бастамасы да өте орынды. Халықтың қазіргі шектеулерге түсіністікпен қарауы қиындықты мүмкіндігінше тезірек жоюға көмектеседі.
Елбасымен бірге елдің іргесін қаласқандар оның қысылтаяңда жол табар қайрат пен ақылға ие екенін айтады.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Кезінде Еділден айырылған қазақ Елбасының ерлігімен Еуразияның төрінде көк байрағын аспанға желбіретті. Осы кезеңнің барлығында Тұңғыш Президент ұлан-ғайыр атырабымыздың біртұтас шекарасын шегендеп, байтағымыздағы байрағымыздың биік желбіреуіне басын бәйгеге тіге жүріп жеткен тарихи тұлға. Мен бұған Ресей Федерациясында елшілікте қызметте жүрген жылдары көзім жетті. Сол кездегі Нұрсұлтан Әбішұлы берген тапсырмаларды тиянақтауда бұл нәтижеге оңай жолмен келмегенімізге куәгер болдық.
Алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздікке сызат түсірмей сақтап қалу, өз саясатымызды жүргізу оңайға түскен жоқ. Бұл тұрғыдан еліміздің өзгеге үлгі етерлік тұсы көп. Былтыр да Қазақстан билік транзитін қалай шешу керектігінің де үлгісін көрсетіп берген еді.
Мирболат Жақыпов, Мемлекеттік банк мекемелері Қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:
- Елбасымыз еліміздің әрі қарай дамуына үлес қосып жатыр. Ел басқару, қомақты жұмыстарды бастау оңай емес. Солардың бәрі «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей жақсы жалғасып жатыр.
Виктор Садовничий, Мәскеу университетінің ректоры:
- Қазақстан халқының мықты күш-жігері мен Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлт көшбасшысының арқасында биік белесті бағындырды. Нұрсұлтан Әбішұлы – менің жақын досым, өте кемеңгер тұлға. Халықтың бірлігін сақтауға зор еңбек сіңірді, әлі де сіңіріп келеді. Мен Қазақстанның қазіргі Президентімен де кездесіп, жақын әңгімелестім. Өте мықты дипломат, сауатты басшы. Біз үшін елдегі сабақтастықтың жалғасқаны өте маңызды.
Сабақтастық толыққанды жалғасты. Тәуелсіздік алған кезде-ақ Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сыртқы саясаттың басты басымдығы болатынын жария еткен. Ұстанымнан тайған жоқ. Елбасының сыртқы саясаттағы көрегенділігінің, қазақ дипломаттарының күш-жігерінің арқасында қазір жиһанның түкпір-түкпірінде қазақтың табаны тимеген, туы тігілмеген жер кемде-кем. Әлемде 197 мемлекет болса, Елбасының тұсында Қазақстан соның 184-імен дипломатиялық байланыс орнатып үлгерді.
Төлеутай Сүлейменов, ҚР Тұңғыш Сыртқы істер министрі (1991-1994 жж.):
- Инвестиция керек, экономиканы дамыту қажет, инфляция үлкен, халықта ақша жоқ, зауыттар істемейді. Не істеу керек? Шетелдік инвесторларды тарту керек. Барлығы Елбасыға сенді. Өйткені ол – ел басқаруға қажет асыл қасиеттердің иесі.
Хангелді Әбжан, тарих ғылымдарының докторы:
- Біз әлем таныған әлемдік қатынастарда орны бар елге айналдық. Олардың сәтімен шешілуінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың орны мен рөлі ерекше. «Тәуелсіз Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырды» деген сөз бекер емес.
Сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінде ғана емес, аймақаралық ынтымақтастықты арттырудағы еңбегін де ерекше құрметтейді. Оның бітімгерлік қырын жоғары бағалайды. Елбасының 25 жыл бұрын айтқан Еуразиялық қауымдастық құру туралы идеясы – осыған дәлел.
Леонид Слуцкий, РФ Мемлекеттік Думасының Халықаралық істер комитетінің төрағасы:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу университеті қабырғасында айтқан бастамасы бүгінде интеграция идеясының жүзеге асуына себеп болып отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси көрегендігінің арқасында бұл бастама шындыққа айналды. Қазір Еуразия құрлығында тұрақтылық бар. Бәрі – экономикалық ынтымақтастықтың жемісі. Біз Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиялық интеграция идеясының авторы және бастамашысы деп мойындаймыз.
Елбасы өз үндеуінде: «Қазақстанның жолы қиындықсыз болмайтынын мен тәуелсіздіктің бастапқы кезінде-ақ білгенмін», – дейді. Бірақ: «Талай алмағайыпты өткердік, бұл жолғы сынақты да ел болып еңсереміз», – деп үміт сыйлады. Яғни «бұлт артынан күн шығарына» Елбасы да, ел де шүбәсіз сенеді.
Авторы: Шынар Асанқызы