Ел аймақтарында волонтерлер тұрғындарға көмектесіп жатыр
Карантинге жабылған Алматыда «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясы басталды. Шараны іске асыруға қалалық Nur Otan партиясының «Jas Otan» жастар қанаты кірісті. Оның аясында волонтерлер қараусыз қалған қарттар, жалғызбастылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдардға көмектесіп, азық-түлік пен тазалық заттарын жеткізіп бермекші. Осы мақсатта партия қорынан Алматыға 75 млн теңге бөлінген.
Бір күнде 300 бетперде. Атыраулық волонтерлер осындай игі бастама көтерді. Әлемді алаңдатқан жұқпалы індетке қарсы қолға алынған шара аясында тігіншілер бір күнде 300 бетперде тігіп, волонтерлер арқылы тұрғындарға таратып жатыр. Әзірге мұнда 6 тігінші еңбек етуде. Сондай-ақ тігіншілікті меңгерген аналар үйде отырып та шараға өз үлестерін қоса алады. Дайын өнімдерді волонтерлер сатуға шығарады. Түскен қаржы бетперде тігуге материал алуға жұмсалмақ. Әлеуметтік аз қамтылғандарға тегін таратылуда.
Петропавлда да ерікті жастардың бастамасымен қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізу қызметі іске қосылды. Оған қала бойынша барлығы 300-ден астам волонтер жұмылдырылмақ. Басым бөлігі ауруханаларда арнайы дайындықтан өтуде. Әр медицина мекемесінде 10-15 адамнан жасақталған. Жастар ақ халаттылардың нұсқауы бойынша дәріханалардан тиісті препараттарды алып, тегін жеткізеді. Өңірде сондай-ақ 109 нөмірі бойынша жедел желі қызмет көрсетеді.