Шалғай ауылдарда азық-түлік қоры жеткілікті
Оны арнайы құрылған топтар бақылауға алған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жергілікті кәсіпкерлер де тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға тегін ұн таратумен айналысып жатыр. Мешіт жамағаттары мен тұрғындар да қайырымды шараларды қолға алған.
Аудан орталығындағы ірі сауда орындарының бірінде жапа-тармағай азық-түлік алып, кезекте тұрған жұрт көрінбейді. Дүкен иесі де жағдайдың тұрақты екенін айтады.
Гүлқасым Жанұзақова, кәсіпкер:
- Азық-түлік, тамақтың түгелі жеткілікті деп ойлаймын. Бәрі бар. Халықтың арасында ешқандай дүрлігу болған жоқ. Бәрі жақсы. Баға тұрақты.
Облыс орталығынан 450 шақырымда орналасқан Ақжар ауылында да халық керек-жарағын бұрынғыдай қалыпты алып жатыр. Дүрбелең байқалмайды.
Әдия Нұрханова, ауыл тұрғыны:
- Жаңғызтал ауылынан 7 шақырым жерден келіп, осы жерден үнемі азық түлік алып тұрамыз. Азық-түлік қоры мол. Бағалары орнықты, аса қымбаттамаған. Халық басына келіп тұрған індет қой. Ең алдымен береке-бірлік керек.
Серікқазы Сәдуақасов, Тарбағатай ауданының әкімі:
- Бағалар сол күйінде. Кешеден бері күнделікті келіп жатқан тауар бағаларынан ешқандай өзгеріс байқалмайды. 19 түрлі азық-түлік бар. Солардың түгелін бұрынғы бағамен ұстап тұрмыз Қор аштық. Ең алдымен аудандағы үлкен кәсіпкерлер көмектесіп, халықты қосымша азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.
Кәсіпкерлерден өзге қоғамдық ұйымдар мен қарапайым тұрғындардың өзі игі бастамаларды қолға алып, қайырымдылыққа ұйытқы болуда.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қағиданы ұстанатын тарбағатайлықтар алдымен әлжуаз топтарға көмектесуге бар күшін салуда. Мәселен, Ақсуат ауылындағы колледж студенттері күніне 200 бетперде тігіп, оны халыққа тегін таратып жатыр. Ал мешіт жамағаттары құрбандыққа мал шалып, оның етін тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға үлестіріп берген. «Мұндай игі шаралар болашақта да жалғасын таба береді», – дейді ұйымдастырушылар.
Амангелді Жарасов, Ақжар ауылдық Бәйжігіт баба мешітінің бас имамы:
- Ақжар ауылының жұртшылығы 2 бас ірі қараны құрбандыққа шалды. Құрбандық малы ауылымыздағы 70-тен астам мұқтаж адамға таратылды. Пайғамбарымыз өз хадисінде айтқандай, садақа пәле-жаланың бетін қайтарады. Бұл осындай ізгі ниеттен туындаған бастама болатын.
Соңғы мәліметтер бойынша ауданда 110 тонна ұн, 28 тонна күріш, 100 тонна көкөніс, 45 тонна қант, 8 мың литр күнбағыс майы бар екен. Сонымен қатар атқарушы билік өкілдері мен сауда нүктелері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақты ұстау жөнінде 200-ден астам меморандум жасалған.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы