Қостанай облысында мал азығының тапшылығы туындап отыр
Өңірдегі сауынды сиырлар ұстайтын ірі фермалардың жем-шөп қоры да қыс аяғына жетпей қалды. Мемлекет оларға қаржылай қолдау көрсетіп, 378 млн теңге қаржы бөлді. Осындай көкөзек кезде шөптің бағасы да шарықтап кетті.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Былайғы жұрт коронавируспен әбігерге түсіп жатқан кезде ауылдағы ағайынды мазалайтын басқа да мәселелер аз емес. Мысалы, Әулиекөл ауданындағы бірқатар елді мекенді су басу қаупі бар. Алдағы көктемгі егістің де шаруасы қым-қуат. Одан басқа төрт түлікке күндері қараған тұрғындардың мал азығы таусылуға таяу.
Алексей Жаппасов, Әулиекөл кентінің тұрғыны:
- Бір аптаға, ары кетсе он күнге жететіндей ғана шөп қалды. Бағасы да шарықтап тұр. Оның өзін сатып алу үшін іздеу керек, таптырмайды.
Алексей қорасындағы бес-алты ірі қара, он шақты бас қойына азықты барынша там-тұмдап береді. Осыншама түлік күніне 2-3 орам шөпті талғажу етеді. Өңірдегі шаруалардың дені осындай күй кешуде.
Абай Нұржанов, Әулиекөл аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
- Үкімет қаржы ауданға 51 млн қаржы бөлді. Соған шаруа қожалықтары шөп, азық, жем-шөп сатып алды. Жеке тұрғындар енді сатып алады. Шөптің тоннасы қазір 30 мың болады.
Сауынды сиырлар ұстайтын ірі шаруашылықтардың да жем-шөбі қыс аяғы біте бастады. Мемлекет қолдауы болмағанда олардың жағдайы мүшкіл еді. Үкімет облыстағы бес жүзге жуық шаруашылыққа мал азығына деп қомақты қаржы бөлді.
Асылан Молдашов, Қостанай облыстық Ауылшаруашылық басқармасының бас маманы:
- Әсіресе біздің облысымыздың солтүстік аудандары көп зардап шекті. Соған байланысты Үкімет қаулысымен Қостанай облысында көп зардап шеккен 8 ауданға 878 млн қаражат бөлінген болатын.
Мал ауызы көкке іліккенше кемі бір ай уақыт бар. Сала мамандары: «Қолдағы бар қор оған жетуге тиіс», – деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг