Карантин режимін сақтамағандарға айыппұл салынып, бас бостандығынан айырылады
Карантин режимін сақтамай, ауруханаға жатудан бас тартқандар да кездесті. Өзімен байланыста болған адамдарды жасырып, қоғамға қауіп төндірушілер де бар. Сондықтан Бас прокуратура төтенше жағдай режимін бұзғандардың жазасы қатаң екенін ескертіп отыр.
Сонымен Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша төтенше жағдай режимiн бұзғандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады. Полицияға бағынбағандар да 100 мың теңгедей айыппұл төлеуі немесе 10 күнге қамалуы мүмкін. Санитарлық қадағалау органдарының нұсқауларын орындамаған нысандарға 500 АЕК мөлшерінде, яғни 1 млн теңгеден астам айыппұл салынады. Егер мұндай субъектілер тазалық ережесі мен нормасын бұзса, 5 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Тіпті олардың қызметі тоқтатылуы да мүмкін.
Ал дертті жаппай жұқтыруға себеп болғандар және ол адам өліміне әкеліп соқтырған болса, қылмыстық жауапқа тартылады. Мұндай жандар 5 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе 5-10 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал төтенше жағдайда жалған ақпарат таратқандар мың АЕК көлемінде айыппұл төлейді және 3-7 жылға түрмеге жабылады. Ал билік өкілінің заңды талабына не өкіміне бағынбаса, 5 млн теңге айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады.
Бүгінге дейін осы айтылған талапты бұзған 313 дерек тіркелді. 94 адам жауапқа тартылып, 64 адам қамауға алынды. Қазір коронавирустан қорғану үшін бүкіл әлем елдері талап пен міндетін қатайтып жатыр. Мәселен, Қытайда карантин талабына бағынбағандар 10 жылға қамалады, не өмір бойы бас бостандығынан айырылады немесе өлім жазасына кесіледі. Израиль 3-7 жылға түрмеге жапса, Оңтүстік Корея 10 млн вон айыппұл салады немесе бір жылға қамайды. Сингапурда да айыппұл салып, 6 ай бас бостандығынан айырады. Ал Италия мұндай жандарды 3 айға, Өзбекстан 8 жылға дейін қамауға алады.