Коронавирусты анықтайтын 266 мың тест елімізге жеткізіледі
Өйткені қалада індетті жұқтырғандармен қатар карантин ошағы да сағат санап артып барады. Сондықтан тұрғындар өз еріктерімен, қажет болса өз қаржыларына коронавирусты анықтайтын тест тапсырғысы келетінін жасырмайды. Қалада коронавирусты анықтайтын тест жасала ма?
Біз қаладағы бірнеше зертхана мен медициналық орталыққа бардық. Мерекелік демалыстың соңғы күні және карантин болғандықтан, олардың көбі жабық. Алматы қаласында коронавирусты анықтайтын ресми тіркелген үш зертхана бар.
Алуа Маханбет, тілші:
- Тәжірибе көрсеткендей, кез келген адам өзінің қалаған зертханасына немесе медициналық мекемесіне барып, коронавирусқа тест тапсыра алмайды екен. Сондықтан сіз өзіңізден осы вирустың қандай да бір белгілерін байқасаңыз, ең алдымен жедел жәрдем шақырыңыз. Сондай-ақ емханадағы дәрігеріңізге хабар беріңіз немесе 1406 телефонына хабарласыңыз.
Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:
- Бүгінгі күнде кез келген адам коронавирусқа анализ жасай алмайды. Ондай қарастырылмаған. Біріншіден ауырған, ауырып қалған адамдар немесе бірінші категорияға кірген елден келген адамдардан тест аламыз, мемлекеттің берген тестімен өткіземіз. Бірақ ақылы тест бізде әлі жоқ.
Коронавирусты анықтайтын 266 мың тест елімізге 27 наурызда жеткізеді. Яғни айдың соңында ол медициналық мекемелерге таратыла бастайды. Бірақ ең алдымен тесттен қауіпті аймақта жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері өтеді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов