Ақтөбеде індетке қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатыр
Олар тұрғындар көп келетін сауда орындары мен саябақтардың аумағын, әуежай және теміржол вокзалын дезинфекциядан өткізуде.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Біз қазір қала ортасындағы шағын бақтың жанында тұрмыз. Бұл – әскери қызметшілердің дезинфекция жұмыстарын жүргізетін орындардың бірі ғана. Бұдан бөлек қалааралық бағыттарда жүретін автобустар тұрағы мен үлкенді-кішілі базарлар, сауда орындарының аумағы және қозғалысы көп көшелер қамтылады.
Сондай-ақ саябақтар мен аллеяларды да дезинфекциялауға атсалысады. Әсіресе балалардың ойын алаңдарына баса көңіл бөлуде. Таңертеңгі мезгілден кешке дейін жүргізілетін бұл істі күн сайын 100-ге жуық адам атқармақ. Олардың барлығы да Қорғаныс министрлігінің арнайы дайындалған әскери қызметшілері. Яғни бұған дейін курстан өтіп, залалсыздандыру ісін терең меңгерген.
Ахмет Момын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы:
- Бұл іс-шара ҚР Қарулы күштерінің арнайы дайындалған әскери қызметшілерімен өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – коронавирустың таралуына жол бермеу. 25 наурыздан бастап төтенше жағдай уақыты аяқталғанға дейін дезинфекция өткізіледі.
Жалпылай алғанда Ақтөбеде коронавирус инфекциясына қарсы шаралар күшейтіліп келеді.
Қоғамдық көлік аялдамалары, автобустар, күніне мыңдаған жолаушыны қабылдайтын теміржол вокзалында да қауіпсіздік күшейтілді. Бүгінде тек ішкі рейстерді ғана қабылдайтын әуежайға жолаушылар тіптен кіргізілмейтін болды. Ұшып-қону алаңында-ақ оларды күтіп алған дәрігерлер әрқайсысының дене қызуын өлшеп, әрі қарай жіті тексеру үшін медицина мекемесіне алып кетеді. Сосын нақты қорытындысы шыққанша азаматтар ешқайда жіберілмейді. Бұл – қабылданған қосымша шара. Ал көпқабатты баспаналардағы тазалыққа ПИК жетекшілері жауапты. Үйлердің подъезін күнде дезинфекциялап тұрулары керек. Арнайы штабтың бұл нұсқауларын бұлжытпай орындауды бақылау полицияға жүктелген. Мұндай шаралар өңірде вирус жұқтырған бір науқастан кейін күшейе түсті. «Бүгінде оның денсаулығы бірқалыпты», – дейді дәрігерлер.
Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Оның ешқандай шағымы жоқ. Қазіргі таңда өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол кісінің қасында болған төрт адам оқшауланып, инфекциялық стационарға жатқызылды. Олардың нәтижелері де теріс. Сонымен қатар ұшақта қатынаста болған 33 адам қазір карантинді орталыққа жатқызылуда.
Айта кетейік, қазір карантиндік орталыққа жатқызылған ондаған адам бар. Бұдан басқа үй жағдайында 100-ге жуық азамат бақылауға алынған.