Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады?
Бұл жағдайды ушықтырмас үшін әр ақпараттық ресурс індеттен қорғанудың қарапайым жолдарын қайталауда. Қауіпсіздік шараларының маңызы неде? Қауіпті індетке қарсы вакцина қашан дайын болады?
Коронавируспен күресте әр азамат өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, болып жатқан ахуалға бейжай қарамауы тиіс. Осы жағдайда әлемдік дәрігерлер адамдарды үйде қалып, өздерін оқшаулауды сұрайды. Десе де қойылған талаптарды бірі орындаса, бірі аса қатты қадағалап жатқан жоқ.
Жақсылық Досқалиев, профессор, медицина ғылымдарының докторы:
- Әр адам өзінің өмір сүріп жатқан жерінде болған дұрыс. Қоршаған орта ішінде вирустың түр-түрі, бактерияның да түр-түрі бар. Ол таза ауа емес. Бірақ адам оған үйренген. Ол сапрофиттер болып саналады. Бірақ мына вирус адамға өте үлкен зиян келтіргеннен кейін өзінің қоршаған ортасын таза ұстаған жөн. Таза жерге паразиттер бармайды.
Алайда бұл жағдай ұзаққа созылмайтыны анық. Күндердің күні қауіпті індет кері шегініп, күшін жоятынына сенеміз. Тек ол үшін карантин мен оқшауланудың өзі жеткіліксіз. Вакцина керек. Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы екпе жасап шығару үшін әлемдік зерттеушілер аянбай тер төгіп жатыр. Десе де олардың ешқайсысы бүгінге дейін көңіл қуантарлық қорытынды жасай алмады.
Жақсылық Досқалиев, профессор, медицина ғылымдарының докторы:
- Енді бұл бірнеше сатыдан тұрады. Біріншіден, сол коронавирусты алу және де оны зерттеу керек, оның құрамы қандай? Екіншіден, лабораториялық жануарларға егіп, оларды ауырту қажет. Яғни модель жасау керек. Үшіншіден, тек коронавирусқа қарсы емес, басқа да вирусқа қарсы вакцина жасау қажет. Одан кейін вакцинаның құрамындағы басқа да заттар адамның организміне әсер етпеу керек. Ол вакцина тек қана иммунитет шығарып, басқа зиянды қосындылар болмауы керек.
Дәл осындай күрделі жұмыс кемінде 1,5 немесе 2 жыл уақытты алуы мүмкін. Аз емес. Ендеше жаңа екпе дайын болғанша қойылған барлық талапты орындап, тазалықты сақтау үшін барымызды салуымыз қажет.