«Хабар» туындысы Анадолы халқына үміт сыйлады
«Хабар» Агенттігі түсірген «Біз біргеміз» бейнебаянын түрік бауырларымыз да ыстық ықыласпен қабыл алды. Жаһандық індетпен аянбай күрес жүргізіп жатқан мамандарды қолдау мақсатындағы бейнетуындыны Түркияның танымал қайраткерлері мен қарапайым азаматтары әлеуметтік желідегі парақшаларында көптеп бөлісті. Саясаттанушы-ғалым Күршад Зорлу бейнебаянды түрік тіліне аударып, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бұл жарияланым ел ішінде үлкен қызығушылық тудырып, 12 сағатта 150 мыңнан астам қаралымға жетті. Түрік бауырларымызды әсіресе көркем туындының сөздері қатты баураған.
Күршад Зорлу, саясаткер-ғалым:
- Осындай қиын кезеңде халықтың ынтымағы өте маңызды. Қазақ бауырларымыздың шығарған «Біз біргеміз» әнін әлеуметтік парақшалардан тамашаладық. Көңілімізден шықты. Біз де туындыны дереу түрік тіліне аударып жарияладық. Санаулы сағаттың ішінде 100 мыңнан астам қаралымға жетіп, оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер жазылды. Бейнебаянда көпұлтты Қазақстанның айрандай ұйып, бейбіт өмір сүріп жатқандығына да куә боламыз. Біз де өз кезегінде түрік жұлдыздарынан осындай туындыны түсіруді талап етіп отырмыз.