Расталған ақпарат тарату үшін ресми сайттар іске қосылды
Мәселен, індет туралы соңғы мәліметті coronavirus2020.kz сайтынан алуға болады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі телеграм бот әзірледі. Бүгінде оған 17 мың адам тіркелген. Ол арқылы коронавирустан қорғану жолдарын білуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау министрлігі мен Семей медициналық университеті бірігіп, індеттің алғашқы белгілерін анықтайтын анкета жасады. Яғни өз денсаулығына күмәнданған кез келген адам анонимді түрде онлайн сауалнамадан өтуіне болады. Нәтижесі бойынша не істеу керектігі туралы нұсқау беріледі. Сонымен қатар интернетте коронавирусты жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болғандардың мекенжайын көрсететін карта іске қосылды.
Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Коронавирус деген адамнан адамға ғана емес, адамның ұстаған телефоны арқылы немесе тұтқа, баспалдақ болсын, кез келген зат арқылы жұғады. 2 сағаттан 24 сағатқа дейін сол жерде қала береді. Біздің мақсатымыз коронавирусты жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болғандарды байқау. Егер сол кісінің 14 күн карантині бітетін болса, ол нүкте жойылып кетеді.