Елордада төтенше жағдай талаптары күшейтілді
Шаһардағы барлық мекеме мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылды. Тек қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне жауапты кәсіпорындар ғана өз қызметін жалғастырады. Медицина, полиция және әскери саланың мамандары да күшейтілген тәртіпте еңбек етеді. Сондай-ақ салынып жатқан нысан маңында жатақханасы бар құрылыс компаниялары жұмысын тоқтатпайды. Яғни жұмысшылары қалаға шықпайтын кешендерде құрылыс жалғаса береді.
6 сәуірге дейін астанадағы барлық қоғамдық көлік тоқтатылды. Медициналық саланың ғана автобустары жүреді. Жұмысы жалғаса беретін өзге мекемелер қызметкерлерін көлікпен тасуды қамтамасыз етуі тиіс. Кәсіпорындар жұмыс орындарында сағат сайын дезинфекция жүргізіп, қызметкерлер санын қысқартқаны жөн.
Елорда тұрғындары далаға азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін ғана шығады. Бұл шектеу сенбіден бастап енгізілді. Шаһардағы саябақтар, жағалау мен көпшілік жүретін жолдар және балалардың ойын алаңдары толық жабылды. Кәмелеттік жасқа болмаған жеткіншектерге де жалғыз жүруге болмайды. Карантин тәртібіне бағынбай, көшеге себепсіз шыққандар да жоқ емес. Қаладағы төтенше жағдай талаптарын бұзған 164 адам ұсталды. Олардың 68-іне әкімшілік хаттама толтырылды. Өзгесі қатаң ескерту алды. Карантин ережесін бұзған азаматтарға айыппұл салынып, 15 тәулікке дейін қамалатынын айта кетейік. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.