20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда экономиканың бірқатар секторларының жұмысы қалпына келтіріледі
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал мен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын қалпына келтіру бойынша ұсынылатын шаралар туралы әкімдер А.Көлгінов пен Б.Сағынтаев баяндады.
Мемлекеттік комиссия Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын ескере отырып, әкімдердің ұсыныстарының негізінде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
Бірінші кезең аясында биылғы 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі-бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың жұмыс істеуі үшін қойылатын міндетті шарт — санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау.
І кезең аясында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұмысын қалпына келтіретін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің нақты тізімін Мемлекеттік комиссия биыл 15 сәуірде бекітеді.
Үкімет басшысы жұмысын қалпына келтіретін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ қызметкерлерінің жұмыс орындарында әлеуметтік ара қашықтықты сақтауына қатаң бақылау жасауды тапсырды.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар байланыс желілері мен интернет жұмысын қамтамасыз ету, мұнай өнімдерінің экспортын реттеу және басқа да мәселелерді қарастырды.
Отырыс барысында Нұр-Сұлтан қаласында 20 сәуірден бастап мына секторлардағы кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруды ұсынды:
1. Өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар
2. Құрылыс саласындағы кәсіпорындар.
3. Қыстан кейін жолдарды жөндейтін асфальт-бетон зауыттары.
4. Зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер. Олар сағат 16.00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейді.
5. Жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары. Мысалы:
- Химиялық тазалау және кір жуу орындары;
- Шиномонтаж, арнайы техникаларды жөндеу және көлік жуу станциялары.
6. Қоғамдық тамақтану орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін кешкі сағат 10-ға дейін ұзарту ұсынылды.
Осылайша барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық адам жұмысын жалғастырады.