Елордада бір тәулік ішінде санитарлық нормаларды бұзған 15 нысан жабылды
Қызметкерлерін қорғаныс құралдарымен, орталықтандырылған тасымалдаумен қамтамасыз етпей, дезинфекция жұмыстарын жүргізбегені үшін 15 нысанның қызметі тоқтатылды.
Жұмысы тоқтатылған нысандардың қатарында құрылыс компаниялары, тапсырыспен айналысатын мейрамханалар мен қонақ үй бар, деп хабарлайды astana.gov.kz. Елорда компанияларының басым бөлігі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап жатыр. Жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін (бұл тамақ тасымалдайтын орындарға қатысты емес). Қызметкерлерді тасымалдау ұйымдастырылды. Олар арнайы киіммен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Қызметкерлер санитарлық өңдеуден өтеді.
Санитарлық нормалар мен карантин режимін сақтамаған жағдайда нысандардың қызметі тоқтатылады. Елордада коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қатаң ережелер қабылданды.