Ертіс өңірінің шаруалары жанар-жағармайға қол жеткізе алмай отыр
Себебі дизель тасымалдайтын кәсіпорын операторлық міндеттерін уақытында орындамаған.
Диқандар көктемгі дала жұмыстары тоқтап қала ма деп алаңдаулы. Мәселе қашан шешіледі?
Павлодардың іргесіндегі Кемеңгер ауылының ғылыми-тәжірибелік станциясы осы көктемде екі мың гектар жерге тұқым себуді жоспарлаған. Басым бөлігін астық дақылдары құрайды. Алайда жоспар орындалмауы мүмкін. Себебі арзан отын кешігіп жатыр.
Серік Жанғазинов, Тәжірибелік станция директорының орынбасары:
- Көктемгі егістік жұмыстарының басым бөлігі мамыр айында атқарылуы тиіс. Арзандатылған жанар-жағармайды уақытында алмасақ, жұмысымыз да кешігеді. Бүгінгі күнге дейін ылғал тоқтату жұмыстарын аяқтап, топырақты өңдеп жатырмыз. Енді негізгі егістікке көшеміз. Дизель әкелінбесе, мерзімнен кешігетін түріміз бар.
Биыл Павлодар облысының шаруаларына 19 100 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Дизельдің 5 мың тоннасы наурыз айында, ал 7 мың тоннасы сәуір айында берілген. Ал мамыр айында тағы 5 мың тоннасы шаруаларға арзандатылған бағамен сатылуы тиіс еді. Алайда операторлардың бірі міндеттерін толық орындамай, салдарынан 50-ден астам шаруа зардап шегуі мүмкін.
Асайын Байханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бұл оператор өз міндеттерін кешіктіріп орындап жатыр. 1-2 күнге кешігіп жатыр. Фермерлер күтуге мәжбүр. Біздің тарапымыздан экономика департаментіне арыз жазылды. Мәселені тез арада шешу мақсатында жауапсыз тасымалдаушының жұмысын өзге операторлар арасында үлестірмекпіз.
Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, биылғы жылы арзандатылған дизель тасымалдауға төрт оператор тартылған. Олардың бірі жүктелген міндеттерін орындамай, шаруалармен жасалған келісімшартты бұзбақшы. Ал тасымалдаушы кәсіпорын өкілдері отын тасымалдауды тоқтатытындарын растады. Оператордың кеңсесін де таптық, алайда арнамызға сұхбат беруден бас тартты.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельнецкий