Павлодар облысында тұратын Арайлым Мұса бәйгеге ат баптайды
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында тұратын Арайлым Мұса бәйгеге ат баптайды. Ел арасында атбегі қыз атанған он алты жастағы бойжеткеннің тұлпарлары барған жерден бос қайтқан емес. Бірінші, екінші орынға ие болады. Соңғы үш жылда асыл тұқымды он бір тұлпарды аламанға қосқан қайсар қыз шабандоздарды да дайындайды.
Ат жалын тартып мінген ауыл балалары Арайлымды жағалайды. Тұлпар мініп, топқа түскенді қызық көретіндердің бірі - Айбар Ақтанов. Сабақтан тыс уақытын ол ипподромда өткізеді. Шабандоз жуырда аудан көлемінде ұйымдастырылған «Алтын тай» бәйгесінде бірінші орынға ие болды. Тізгіндеген тұлпары да осал емес.
Айбар Ақтанов, шабандоз:
-Мынау - Ханшайым деген ат. Былтыр Кавказдан келген. Осы Сафлорлэнд деген айғырдың қарындасы. Ол осы жылы екі машинадай ұтқан. Сосын Астана жақта Жұмыртұяқ, Талхиз, Қарақыздармен бірге түскен.
Атбегілер үшін ат баптаудан гөрі шабандоз дайындаған қиын екен. Арайлым осы екеуін де қатар алып келеді. Асыл тұқымды сәйгүліктерге ерекше күтім керек. Сондықтан уақытының көбін жылқыларына арнайды.
Арайлым Мұса, атбегі:
-Биыл енді 9 шақырым, 10 шақырым шабады. Келесі жылы көбірек шабады. Бәйгеге 10 шақты аттарым бар. Қазір маусымның аяғы, олар далада жүр демалып, аттарға сұлы береміз. Сұлымен дайындаймыз.
Мінезі тұйық Арайлымның бойына атқұмарлық әкесінен дарыпты. Сейітбаттал Әлдекенов қызының ат баптаумен айналысқанын басында қаламапты.
Сейітбаттал Әлдекенов, атбегі:
-Қызым енді кішкентай кезінен атқа құмар болды. Көпке дейін атқа жақындатпадым. Осыдан үш жыл бұрын баули бастадым. Білгенімді айтып, үйретіп, содан қазір енді менің шаруашылықтан атқа қарауға уақытым жетпейді. Өзі дайындайды.
Арайлымның бәйге аттары барған жерден жүлдесіз қайтпайды. Жалпы Жалаулы ауылында көкпар тартып, бәйге беретіндер өте көп. Тұрғындар өз күштерімен ипподром да салып алған. Ал Сейітбаттал Әлдекенов асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков