Президент: Карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады
Ал баспана алу бойынша «5-10-20» бағдарламасы жасалады. Мемлекеттік қызметшілердің 50% қашықтан жұмыс істейді.
Банк, еңбек биржасы, Еgov және басқа да саланың қызметінде де қазіргі жағдайға орай жаңашылдықтар болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтты.
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Коронавирус жұқтырғандарды анықтау және емдеу бойынша қажетті іс шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа 40 мыңдай медицина қызметкері тартылды. Өңірлердегі ауруханаларда 33 мың орын дайындалды. Маска өндірісі күніне 1 млн-ға дейін, ал вирусты анықтау бойынша зертханалардың қуаты тәулігіне 6,5 мыңнан 18 мыңға ұлғайтылды. Мамырдың соңына дейін тәулігіне 25 мыңға дейін жетеді.
Індеттің шарықтау шегінен өттік. Ауру жұқтырғандар көрсеткіші 52-ден 2-3% дейін төмендеді. Емделіп шыққандар қатары екі мың адамнан асты.
Елжан Біртанов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі таңда 3079 науқас емделуде. Олардың арасында 203-і – балалар. 1,13% науқас қазіргі күнде жағдайы ауыр деп саналады. 13% орташа жағдайда. 86% жеңіл деңгейде.
Жасыратыны жоқ, індетпен арпалысып жүргенде өндіріс, сауда-саттық саласы ақсай бастады. Жұмыссыздық көбейді. Қысқаша айтқанда, талай жоспар кейнге қалды. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Ол жуық арада бекітіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Қазірдің өзінде 1 млн 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Бүгін еліміз бойынша төтенше жағдай режимі аяқталды. Ал карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Мемлекеттік қызметшілердің 50% қашықтан жұмыс істей береді. Жеке сектор өз еркіне қарай осы тәртіпке ыңғайланғаны дұрыс. Көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау қазіргі басты міндеттер қатарында. Әлемдегі 400 млн-нан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз.
Соның бірі – «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы. Оны жүзеге асыруға 1 трлн теңге қаржы бөлінген. Осыған орай мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл бойынша жаңа «5-10-20» баспанамен қамту жобасын іске қосуды тапсырамын. Ол мақсатқа 390 млн теңге бөлеміз. Биыл елімізде құрылыстың рекордттық көрсеткіші салынады деп жоспарланған. Ол – 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үй. Баспана мәселесін шешуге салымшылар зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін кәдеге жарату бастамасы көтерілген болатын. Үкімет ол бойынша осы жылдың 1 шілдесіне дейін нақты шешім қабылдауы тиіс.
Бүгінгі жиында Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы да сөз болды. Түркістан облысында оның зардабын жою, тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз.
Президент: «Қираған үйлердің орнына күзге дейін жаңасы салынады», – деді. Сондай-ақ зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде ақша төленіп, мал мен егіс алқаптарына келген шығын өтеледі.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы