Карантиндік режим кезең-кезеңімен жеңілдетіледі
Сондықтан өңірлерде карантин сақталады. Бірақ режим әр облыстағы эпидемиологиялық жағдайға қарай кезең- кезеңімен жеңілдетіледі. Мәселен, Жамбыл облысында бүгіннен бастап жеңілдету шараларының екінші кезеңі енгізілді.
Енді 600-ден астам бизнес нысаны ашылып, 6000-нан астам адам қайта жұмысқа шығады. Ал Семейде керісінше карантин ережесі күшейді. Оған 3 тәулік үшінде 21 адам коронавирус жұқтырып, көрсеткіштің күрт өсуі себеп болған. Маңғыстау облысында шектеу шаралары сақталады.
Жамбыл облысында 11 мамырдан бастап бірқатар бизнес нысаны жұмыс істей бастайды. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталған жағдайда ғана. Сервистік орталықтар, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түліктен басқа заттар саудалайтын дүкендер, фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, медициналық орталықтар ашылады. Ал жергілікті тұрғындарға көшеде спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ Тараз-Нұр-Сұлтан-Тараз бағытындағы әуе рейстері іске қосылады. Бірақ бірақатар нысанды ашуға әлі ерте.
Нұржан Календеров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Шаштараздар мен сұлулық салондары, барлар, түнгі ойын клубтары, сауда орталықтары мен кинотеатрлар, спорт ғимараттары, монша, мейрамханалар, кафелер, базарлар және қоғамдық көліктің жұмысына әлі де тыйым салынған. Облыс аумағында және Тараз қаласы периметрі бойынша автожолдарда, елді мекендерде блок-посттардың жұмысы жалғасады.
Маңғыстау облысында соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 90% көбейіп кеткен.Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында аймақта карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылды. Шектеу шаралары бұрынғыша қалып отыр. Тек бірнеше мекеменің жұмысы жанданатын болды.
Александра Плиева, сұлулық салонының әкімшісі:
- Бір жарым айдан кейінгі үзілістен соң бүгін қайта жұмысқа кірісіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Қауіптің алдын алу үшін біз сұлулық салондарына келетін клиенттерімізді алдын ала жазу арқылы қабылдап жатырмыз. Келгендердің барлығын тепловизормен тексеріп кіргізіп жатырмыз.
Ал Ақтөбеде екі мыңнан астам кәсіпкерлік нысан ашылды. Қонақүйлер, хостелдер, жол бойындағы кемпингтер және моншалар мен сауналар қызметтерін қайта жалғастырды. Бұл саланың ісі 1,5 ай бойы тоқтап, 5 мыңға жуық жұмысшысы ақысыз демалысқа кеткен еді. Енді санитар мамандардың талаптарын ескере отырып бизнесті жүргізуге рұқсат етіліп отыр.
Анар Даржанова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Осы пандемия кезінде кәсіптері тұралап қалған сфералар бар. Олар: қызмет көрсету саласы, түрлі туризм мейрамханалары, сауда орындары. Осы сфераға арналған Үкіметтің қаулысына өзгеріс енгізіп, бүгінгі күні кәсіпкерлер өздерінің несиелерінің пайызын 6% дейін төмендетуге мүмкіндік алды.
Ал Семей қаласының тұрғындары карантиннің аяқталуын көп күтетін түрі бар. Өйткені соңғы үш тәулікте қауіпті індетті жұқтырған 21 науқас анықталды. Олардың жұқпалы індетті той-томалақ пен туған күнге жиналған кезде жаппай жұқтырғаны белгілі болды. Қала халқының көбі соңғы кезде індетке немқұрайлы қарай бастаған. Көбісі бетпердесіз көшеге шыққан.
Ілияс Мұхаммеджанов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Тұрғындар әлі де көпшілікті шақырып, ас беру рәсімдерін өткізуде. Ал шағын және орта бизнес нысандары облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Біз коронавирус инфекциясының салмағы мен қаупін барынша түсінбейінше, бұл көрсеткіш күн сайын өсе береді.
Түркістан облысында карантиндік режим әлі де сақталып отыр. Облыс орталығына 7 бағыттан кіретін жол бойындағы блок-бекеттер өзгеріссіз жұмыс істеп жатыр. «Бетперделік режим» сақталған. Бір апта бұрын қала ішіндегі тексеру бекеттері алып тасталғандықтан, тұрғындардың жүріп-тұруына еш кедергі жоқ. Ал тұрмыстық техника сататын дүкендер онлайн тапсырыс қабылдап, тауарды белгіленген жерге жеткізіп береді. Тамақтану орындары мен ірі сауда орталықтары әзірге жабық.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә