Жамбыл облысында 20 мың жұмыс орны ашылады
Соның негізінде 900-ге тарта адамды жұмыспен қамту көзделген. Қазір алғашқы кезеңі басталды.
Қазір «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Көлтоған ауылына ауыз су тартылып жатыр. Жұмысшыларға күнделікті тамақ әзірлейтін аспаз қажет. Ал осы ауылда тұратын Назира Сәлімбаеваға қосымша жұмыс керек. Көпбалалы жалғызбасты анаға сауыншының табысы жеткіліксіз. Сондықтан ол бұл ұсынысты қуана қабыл алды. Екі мезгіл ас әзірлеп, 80 мың теңге жалақы алады.
Назира Сәлімбаева, Көлтоған ауылының тұрғыны:
- Ыңғайлысы осы болды. Мен бала-шағамды 1-2 ай болса да бағатын табыс көзі шығып жатыр. Оған да шүкір. Осындай жұмыстар көбей берсе деймін.
Ауданда биыл Назира сияқты 900-ге тарта адамды жұмыспен қамту жоспарда. Оларға мектеп, газ бен су тарту, жол жөндеу кезінде жұмыс беріледі. Ал толық аяқталғаннан кейін 74 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:
- Жалпы 38 жоба бойынша 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұл жерде он ауылда ауыз су, жеті ауылда газбен қамтамасыз ету көзделген. 11 жол жөндеу, төрт мектептің күрделі жұмысы бар. Және ауылдағы елді мекендердің аулаларын суландыру мақсатында төрт су тоғаны кіріп отыр.
Жалпы Жамбыл облысында биыл 700-ге жуық инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 70 млрд-тан астам қаражат қарастырылып отыр. Әсіресе әлеуметтік-мәдени, тұрғын-үй, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және елді мекендерді абаттандыруға ерекше басымдық берілмек. 20 мың жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз азаматтарды тарту көзделіп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә