ШҚО-да орманшы мамандар жетіспейді
Бірақ осы байлықты күтіп, баптау және күзетуде кәсіби мамандар жеткіліксіз. Аймақта бүгінде 800 орманшының орны бос тұр. Оған басты себеп – жалақының өте аздығы мен материалдық жабдықтың нашарлығы. Мәселен, 12 мың гектарды алып жатқан «Өскемен орман шаруашылығында» бір ғана қызметтік автокөлік бар.
Орманшылардың күнделікті жұмысы өртке қарсы шараны пысықтаудан басталады. Өйткені биыл көктем шыққалы аймақта өрт жиілеп кетті. Ал өңірдегі 3 млн 800 мың гектар орманның 60% астамы – сирек кездесетін қылқан жапырақты ағаш. Оған бірнеше ұлттык парк және 13 орман шаруашылығы кіреді. Алайда орманшылардың жағдайы әлі оңалмай келеді. Соңғы жылдары тіпті қызметтік форманы да өздері сатып алуға мәжбүр.
Сапаны жақсарту үшін орманшылардың жалақысы да соған сәйкес болуы шарт. Ерлан Қамалиевтің бұл салада жүргеніне талай жыл болған. Кәсіби маманды орман шаруашылығының келешегі ойландырады. Өйткені соңғы 5-10 жылда жастардың бұл салаға ықыласы мүлде жоқ.
Ерлан Қамалиев, орманшы:
- Өрт болып қалса, тағы бір жұмыстар болып қалады. Ал еңбегі ақысы 80 мыңнан аспайды. Сондықтан еңбектерін кішкене елеп, ақыны көбейтсе, жастар осы салаға келуші еді.
Жалпы аумағы 12 мың гектар «Өскемен орман шаруашылығында» 56 маман жұмыс істейді. Мекемеде бір ғана қызметтік автокөлік. Оның жүруінен тұруы көп.
Жалпы аймақтағы орман шаруашылғының талапқа сай материалдық жабдықталуы 60% аспайды. Ал орман алқабаның басым бөлігі таулы аймақта орналасқан. Сондықтан орманшылар көбінде өрт шыққан кезде қиналады. Жуырда ғана Семей өңірінде 2,5 мың гектар алқап екі күнде күлге айналды.
Олжас Керейхан, тілші:
- Орманның басты жауы – өрт. От шалған жерге мынадай жас көшетті егіп, ол тамырлануы үшін аз дегенде 5-6 жыл керек. Ал оны күтіп-баптау – орманшылардың міндеті. Алайда қазір бұл жұмыс толық атқарылмайды. Өйткені нормативтік құжат бойынша бір орманшы 250 гектар жерді бақылау керек. Бірақ олар аз дегенде 400-500 гектар алқапты қадағалайды.
Қазір облыс бойынша 1 814 орманшы болу керек. Бірақ әлі де 800 маманның орны бос тұр. Осы салаға жауапты басқарма басшылығының айтуынша, барлық мәселе кезең-кезеңмен шешілмек.
Арман Есентаев, облыстық Табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
- Шекаралық аудандарда тұрған аумақтарды дамыту бойынша жоспар бекітілді. Сол жоспарға сәйкес биыл 105 адам, келесі жылы Қатонқарағай ауданы бойынша 45 адам, Зайсан ауданы бойынша 52 адам қабылданатын болады. Осы жоспар түгел іске асырылса, жалпы штат бойынша 67% жетеміз.
Соңғы үш жылда бұл саланы дамытуға 831 млн теңге бөлінген. Ал биыл қосымша 300 млн қарастырылып отыр. Бірақ бұл қаржы облыстағы 13 орман шаруашылығының материалдық жағдайын оңалтуға аздық етеді. Ал орманшылар үшін ең басты мәселе – еңбекақы.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин