Хабар телеарнасы

Қатонқарағайда ірі жобалар іске асырылып жатыр

Шығыс Қазақстанда жаңадан құрылған Қатонқарағай ауданында төрт бірдей ірі жоба іске асырылып жатыр. Жылу қазандығы салынып, желілер ауыстырылуда.

Орталықтандырылған су құбыры да тартылып жатыр. Сонымен қатар ширек ғасыр бұрын басталып, сол беті аяқсыз қалған үйлердің құрылысы қайта жанданды.

Қайта құрылған Қатонқарағайда бірнеше жоба қатарынан жүзеге асырылып жатыр. Мамандар алдымен аудан орталығындағы жарты ғасырдан аса тарихы бар мына ескі қазандықтан құтылуды жөн көріпті. Оның жанынан заманауи, модульді жылу кешені салынуда. Желілер де ауыстырылады. Екі жобаға 2 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.

Қайрат Ақботин, мердігер компанияның бас инженері:
- 70%-і істеліп тұр қазандықтың, жылу жүйесінің де сондай мөлшері пайызы істелінді. Енді бір-екі ай ішінде жылдам тапсыруға жанталасып жатырмыз.

Жанталаспаса болмайды. Алтайда жаз қысқа. Ал шаруа шаш етектен. Орталықтандырылған су құбырын тартуға 4,5 млрд теңге жұмсалды. Ауыл белсенділері бұл жұмыстың барысын тікелей бақылап жүр.

Ғарапша Сафин, ауыл тұрғыны:
- Бұрын  колонкалар болған жоқ, Катонка ағып жатыр, содан су алатынбыз, сосын ау жақта бір колонка істеп берді, соған барып, очередке тұратынбыз флягпен. Сөйтіп тасып жүріп, осы күнге жеттік. Қатонқарағайда су болса, Қатонның халқы риза болады.

Ауызсу тапшылығы, жол, қатынас нашарлығынан шекара түбіндегі ауылдан жұрт кезінде үдере көшкен еді. Енді мақсат – қалаға бет түзеген халықты тоқтату.

Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл үйлер ауылдың сәнін кетіріп, 25 жыл бойы қаңырап, бос тұрған еді. Енді мінеки, іші мен сырты әрленіп, қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Ауласы абаттандырылып, болашақта әдемі бір ауданға айналады.

Баспанамен қамту – кадр тапшылығын жойып, жастарға үлкен демеу берері сөзсіз. Қазір ауданда 30 бос жұмыс орны бар.

Расул Қарабалинов, Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:
- Келетін кісілер бар,келіп жатыр, Жұмысқа алып та жатырмыз. Қатонқарағайдан шыққан азаматтар қайта келіп, осы ауылды көтеріп, Отаным, жерім деп кеп жатыр жұмысқа деп ойлаймыз.

Келгендерге жүктелер міндет көп. Алдағы уақытта туристік орындар мен шалғай ауылдарға апарар жолды жөндеу жоспарланған. Болашақта әуежай салып, ұшақ қатынасын жандандыру да ойда бар екен.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов