Алматы облысында 23 мыңнан астам адам еңбекке тартылады
Өңірде биыл 1 мыңға жуық жоба жүзеге асып 23 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ. Тұрғындар әлеуметтік нысандарды жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға, өзге де құрылыс жұмыстарына тартылып жатыр.
Талдықорған қаласының тұрғыны Бақытжан Ержанов – карантин кезінде жұмыссыз қалғандардың бірі. Отбасының асыраушысы қалыптасқан жағдайға байланысты жұмыспен қамту орталығына жүгініпті.
Бақытжан Ержанов, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Жұмыспен қамту орталығынан сегіз адамды мектеп құрылысына жіберді. Достарымызбен бірге келдік. Тұрақты жұмысқа алды. Қазір бәрі жақсы.
Руслан Мамырханов, құрылыс компаниясының бас маманы:
- Бізде бұл жерде 75 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде тең жартысынан көбі – орталық қызмет көрсету мекемесінен келген кісілер. Орталыққа рахмет. Сол кісілер 50% жұмыс орнымен толтырып, көмектесіп жатыр. Жақсы мамандарын жіберуде.
Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында мыңға жуық жоба жоспарланған. Соның 360-ы қазір жүзеге асып жатыр. Яғни өңірде жолдар мен әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, елді мекендер мен саябақтарды абаттандыру, су және электр желілерін тарту жұмыстары басталды. Оған үш мыңнан аса адам жұмылдырылып отыр.
Иманхан Жүрсінхан, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Карантинге жабылғаннан кейін жұмыс қалай болады, отбасыны қалай бағамыз деп алаңдағанбыз. Енді қазір бәрі дұрыс. Үкіметке ризамыз. Халықты қараусыз қалдырмады.
Бақыт Жақсыбаева, Жұмыспен қамту және ӘБ үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойынша 30 жоба жүзеге асып жатыр. Сол 30 жобада 474 жұмыс орны құрылды. 237 жұмыссыз жолданып, жұмысқа орналасты. Талдықорған қаласы бойынша 37 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оған 14 млрд 800 млн теңге жоспарланып тұр. Іске асқанда екі мыңдай жұмыс орны құрылу керек.
Жұмыс күшін көптеп тарту мақсатында өңірде 20 рекруттік пункт құрылды. Ондағы мамандар шалғай ауылдарды аралап, «Жұмыспен қамту» бағдарламасын насихаттап жүр. Бүгінгі күнге дейін олар 12 мыңнан аса адамға мемлекеттік жобаның жай жапсарын түсіндіріп, 500-ден астамын еңбекпен қамтыған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев