Түркістан облысында 300-ден аса адам эвакуацияланды
Су тасқыны өңірдегі Төле би, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам және Түлкібас аудандарындағы бірнеше елді мекенге зардабын тигізді. Салдарынан 522 үйдің ауласына су жайылып, төрт үйді су басты. 300-ден аса адам эвакуацияланды. Сондай-ақ Төле би ауданындағы ауыл аралық төрт көпірді шайып кетті. Мамандар мал шығыны бар екенін айтады. Сондай-ақ тасқын су Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты Елтай ауылын да әбігерге салды.
Толассыз жауын. Тасқын су. Төлебиліктерді тағы да әбігерге салды. Қатты нөсердің салдарынан Қасқасу өзені арнасынан асты. Бірнеше елді мекенге қауіп төнді. Облыстық ТЖД мәліметіне сәйкес, төрт үй мен 376 үйдің ауласын су басты. Бұдан бөлек үш шаруашылық нысаны қирап, жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайып кетті. Сегіз бас ірі қара және ұсақ мал шығыны болды. Аудан орталығы Ленгір қаласындағы 20 аула су астында қалды.
Асанғали Назырханұлы, облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:
- Қауіпті аймақтардан 600-ге жуық адам эвакуацияланды. Бүгінгі күнге дейін 847 текше метр су сорылып, авариялық құтқару жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінен 242 қызметкер, 16 техника, 44 су сору құралы және жергілікті атқарушы органан 256 қызметкер, 46 техника жұмыс істеп жатыр.
Түркістан облысында тасқынның салдарынан жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев Төле би ауданына барып, селден зардап шеккен аумақтарды аралап көрді. Тұрғындармен кездесіп, көмек көрсетілетінін жеткізді.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
- Бұрын соңды болмаған 40 минуттың ішінде бір айлық жаңбыр жауған. Әлі жауып тұр, көріп тұрсыздар. Біз сіздермен бірге осы жерде отырамыз, кезекшілікте тұрамыз. Бастысы бастарыңыз, малдарыңыз аман, мүліктеріңіздің бәрі орнында. Қалғанын қалпына келтіреміз.
Нөсер жауынның салдарынан Төле биден бөлек, тағы да үш аудандағы бірнеше елді мекенді су басты. Қазығұрт ауданында алты үй мен емхананың ауласына су жайылды. Көкібел ауылынан 133 адам эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланған тұрғын туыстарының үйлеріне жайғастырылды. Қазіргі таңда су басқан аймақтардағы арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:
- Сондай-ақ тасқын су Сайрам, Қазығұрт, Бәйдібек және Түлкібас аудандарындағы кейбір ауылдарға да қауіп төндірді. Аудандық құтқару қызметі мамандарының хабарлауынша, Сайрам ауданында Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы жеті үйдің ауласын су басты.
Бәйдібек ауданында да үш елді мекендегі 13 үй ауласын су басқан. Тұрақты ауылынан 55 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Су деңгейі ауылда 20 см-ге дейін көтерілген. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника және 47 мотапома жұмылдырылды.
Тасқын су Шымкент қаласына қарасты Елтай елді мекеніне де қауіп төндірді. Көп мөлшердегі арық суы арнасына сыймай, салдарынан 60 тұрғын үйдің ауласын басты. Үш шаруашылықтың құрылысы қирады. 150 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Судың деңгейі 20-дан 50 см-ге дейін көтерілді. «Тасқын су жылда келеді, жылда біреудің сарайы құлайды», – дейді Елтайлықтар.
Рәбия Тұрдалиева, Елтай ауылының тұрғыны:
- Су қырдан келеді, жерден шықпайды. Төбеден келіп ағып жатыр. Жыл сайын осындай болады. Кеше бәрін мектепке көшірді. Біз үйіміз қырда болған соң шықпай отырмыз. Су жетпейді. Әрі қарай құрғақ. Мына жақтың бәрі сел болып кетті. Бәрін мектепке автобуспен көшірді.
Елтай елді мекеніндегі селдің зардабын жою үшін арнайы комиссия құрылатын болды. Су басқан аймақты аралаған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов тасқынның зардабын тез арада жоюды тапсырды. Авариялық-құтқару жұмыстарына қалалық ТЖД-дан 57 қызметкер, 14 техника мен 14 мотопомпа жұмылдырылды. Ал Бадам өзенінің тасу қауіпіне байланысты су басу аймағынан 300 адам эвакуацияланды. Құтқару жұмыстарына 279 қызметкер мен 64 техника тартылды.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы ТЖД басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда Елтай ауылында қалпына келтіру, су сору жұмыстары жалғасуда. Мұнда департаменттің, Ұлттық ұланның және жергілікті органдардың қызметкерлері жұмылдырылған. Қажетті техникалар мен жүк көліктері көмек көрсетуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесніде су басқан аулалар тазаланып жатыр. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Жағдай толық бақылауда.
Қазір сел жүрген барлық елді мекенде құтқару, су сору, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қауіпсіз аймаққа көшірілген тұрғындар қажетті заттар мен ыстық тамақпен қамтылған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш