Елімізде темекі 21 жасқа толғандарға сатылады
Биыл осындай 300-ден астам факт тіркеліпті. Енді бұл бағыттағы күрес күшейтіліп, жас шектеуі 18-ден 21 жасқа дейін жоғарыламақ. Осылайша шылым шегушілер санын азайту көзделуде. Жаңашылдық нақты нәтиже бере ме? Қай елдің тәжірибесін негізге алуға болады?
18 жасқа келгендерді әдетте «ересек болды, кемеліне жетті» деп айтамыз. Десе де, ағза бұл кезде толық қалыптасып бітпейді екен. Жаңа шектеу ұрпақтың денсаулығын қорғау үшін жасалынуда. Олай ететіндей жөніміз де бар. Себебі жаман әдетке әуестігіміз басым. Халқымыздың бестен бір бөлігі шылым шегеді. Жасөспірімдер үлкендерден көргенін қайталамай тұрсын ба?
Дильбар Тулегенова, ІІМ аға инспекторы:
- Бізде бұл бойынша арнайы есеп бар. Былтыр жасөспірімдерге заңсыз темекі сатудың бір мыңнан астам дерегі анықталды. Ал осы жылдың өзінде осындай 300 факт тіркелді. Темекіні сатқан сатушыларға айыппұл салынды.
Әкімшілік жаза енді айтарлықтай салмақты бола түсті. Бірінші рет заңсыз темекі сатқандарға салынатын айыппұл 41 670 теңгеден бастап жоғарылай береді. Қайталанған жағдайда ол 83 мың теңгеден жоғары. Сонымен бірге автокөлікте балалар отырған кезде шылым шеккені үшін де айыппұл көзделген.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Баптар күшейтілді. Ең алдымен темекі сату бойынша өзгертілді. Барлық жерде шылым ашық сатуға тыйым салынады. Себебі темекі жарнамасы жастардың көңілін тез аударады.
Жібек Әжібаева, Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:
- Егер бұл норма енгізілетін болса, онда біз табысты азайтамыз. Қазіргі кезде сауда түсімінің 25% темекіден. Сондықтан 10 мыңға жуық кәсіпкер өз бизнесін жоғалтып, жұмыссыздар қатарын толықтыруы мүмкін.
Бұл жердегі әңгіме темекінің арнайы жабық жәшікте тұру керектігінде.
Жәмилә Садықова, Еуразиялық темекіге қарсы коалиция төрайымы:
- Егер ашық көрсетпей, тек шылым шегетіндерге ғана сатылса, бұл елдегі темекі тұтынатындардың санын едәуір азайтады. Жасөспірімдердің де жадына «темекі зиян» деген қағида сақталады.
Сонымен қатар енді темекі өндірушілер мен импорттаушылар тауар құрамына жыл сайын зертханалық талдау жүргізуге және нәтижесін өкілетті органға ұсынуға міндеттеледі.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- 21 жас жаңаден енгізілгелі жатқан шектеудің бер жағы ғана. Себебі енді дүкенге барсаңыз, сіздің бет-бейнеңіз, келбетіңіз сіздің 30-40 тіпті 50 жаста екеніңізді айтып тұрса да, ішке кіргенде куәлікті ұсынбай темекі ала алмауыңыз мүмкін.
Дильбар Тулегенова, ІІМ аға инспекторы:
- Ол неге керек? Дүкенде жасөспірімге темекі сатады да, сатушы айыбы ашылған кезде: «Мен оны үлкен екен деп ойладым» деген сөздермен өзін ақтауға тырысады. Егер ұсынысты заңды түрде бекітетін болса, олар сылтау айта алмайтын болады.
Жаңа енгізілген норма өз тиімділігін бере ме? Болжам бойынша, алдағы бес жылда шылымды ермек еткендер саны 5% дейін төмендейді. Оған шектеу шарасын бізден ертерек қолданған Ұлыбритания тәжірибесі де дәлел. Онда жастар арасында шылым шегу деңгейі 17% дейін азайыпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дәурен Жұрқабаев