Ақтөбеде карантин режимі енгізілгелі көкөніс құны шарықтап кетті
Билік өкілдерінің бағаны тұрақтандыруға бағытталған іс-әрекеттеріне қарамастан, отандық өнімдердің өзі де ырық бермей тұрғанға ұқсайды.
Базарлар мен ірі сауда орындары жабылғалы шағын дүкендер мен супермаркет желілерінің асығы алшысынан түсіп тұр. Қасынан өткен кез келген жан бас сұқпай өтпейді. Бірақ көпшілік тек негізгі қажетті тауарды алуға тырысып жүр. Себебі көптеген мекеменің қызметі тоқтағалы тұрғындардың табысы да тақыл-тұқыл.
Қазір қайтадан қалыпқа келіп жатырмыз. Бұған дейін жұмысымыз тоқтап, табысымыздан айырылған едік. Жалақымыздың 40% азық-түлікке жұмсаймыз. Оның өзінде тек негізгі қажетті тауарға ғана кетеді. Соңғы 2-3 бағаның өскендігі тіптен қатты сезілуде.
Блиц:
- Барлық азық-түлік қымбаттаған. Міне, 3 200 теңгеге тек екі бөтелке күнбағыс майы мен 250 грамм сары май, 20 түйір жұмыртқа ғана сатып алдым.
- Мына басшылардан сұрау керек. «Барлығын бақылап отырмыз», – дейді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Көкөніс те, макарон өнімдері де, ет те, барлығы қымбат. Тек жергілікті сүттің бағасы өзгермеген.
Нарықтағы бұл жағдайды «Aqtóbe – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері де байқаған. Тұрақты түрде жүргізілген рейдтік шаралар барысында карантин басталғалы бағаның біраз өскенін көрсетті. Статистика департаментінің мамандары оның себебін шекараның жабылып, сырттан келетін тауар көлемінің күрт төмендеуімен байланыстырады. Сұраныстың өсіп, қажетті өнімдердің қат болуы саудагерлер мен алыпсатарларды еркіне жіберген.
Шара Нұрпейісова, облыстық Статистика департаментінің басқарма басшысы:
- 2020 жылдың сәуір айында өткен аймен салыстырғанда облыс бойынша қанттың 9,8% қымбаттағаны тіркелді, қарақұмық 4,5%, күріш пен сүзбе бағасы 0,6% өскен. Ал көкөністен картоп 18,%, пияз 39,%, сәбіз 16,4% қымбаттады.
Көкөністің бұл уақытта қымбаттауын мамандар маусымдық көрініспен түсіндіреді. Бірақ бұл кезеңде бағаны ырықтап, қалың бұқараның қалтасы көтерердей етуді облыстық әкімдік мойнына алған. Жыл сайын тұрақтандыру қорына миллиондаған қаражат бөлініп, жүздеген тонна өнім сатып алынады. Билік өкілдерінің айтуынша, қазір де бұл қоймалар картоп пен өзге де әлеуметтік маңызы бар тауарларға толы.
Нұрсұлтан Исенбайұлы, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Азық-түлік қоры жеткілікті деп есептеуге болады. Өйткені бізде 221 тонна қант, 31 тоннадан астам күнбағыс майы, сонымен қатар картоп және көкөніс өнімдері бар. Тұрақтандыру қорының бүкіл азық-түлігі облыс бойынша барлық ауданда тексерілуде.
Облыс орталығындағы қоймада сақталған өнімдер қазір аудандарға жөнелтілуде. Бірақ Ақтөбенің өзінде бір де бір сауда орнынан таба алмайсыз. Себебі коммуналдық дүкендердің барлығы жабық тұр. Бұл орайда карантиндік тәртіптің реті түсініксіз. Шағын азық-түлік дүкендеріне жұмыс істеуге рұқсат бар болғанымен, арзандатылған тауар сататын арнайы дүкендердің есігінде құлып ілулі.
Жанболат Тұртаев, «Aqtóbe – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
- Осыдан 2-3 апта бұрын картоптардың бағасы 100-120 теңгеге дейін баратын болса, қазіргі кезде 185 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Халыққа қазір мына коммуналдық дүкендерді қайтадан ашу керек. Соны ашып, қоймадағы заттардың барлығын салып, халыққа қажетті бағада сатқызу керек.
Дүкендердің бағасы өз жайымен кеткеніне қарамастан, жергілікті билік тұрақтандыру қорын толықтыруды жалғастыруда. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен фьючерстік келісімшартқа қол қойылыпты. Диқандар мен бағбандар күз келе жергілікті өнімге қарық қылуды мойнына алған. Жалпы биыл тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуға 80 млн теңге қаржы жұмсау жоспарланған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков