К.Кларинваль: Әрбір адам жауапкершілікті сезінуі керек
Дегенмен қазір бөрікті аспанға атып, қуанатын кез емес. Бейқамдық танытуға әсте болмайды. Себебі вирустың екінші толқыны туралы айтылып та, жазылып та, ескертіліп те жүр. Осы орайда індетке қарсы сақадай-сай дайын болу маңызды. ДДСҰ Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында осылай деді.
Кэролайн Кларинваль, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі, ДДСҰ-ның елдік кеңсесінің жетекшісі:
- Қазақстан COVID-19 эпидемиясымен күресу үшін көп күш салды. Бұл шаралар негізінен індет жұқтыру көрсеткішін неғұрлым төмен деңгейде сақтап тұруға бағытталды. Қазір вирусты жұқтырғандар санына қарасаңыз және оларды өзге елдердегімен салыстырсаңыз, науқастар санының көп емес екенін көресіз. Тағы бір айта кетер жайт, Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау жүйесі мен мамандарды пациенттерге қызмет көрсете алатындай даярлады. Яғни қазір көріп отырғанымыздай, денсаулық сақтау жүйесі ахуалды бақылауға ала алды. Сонымен қатар коронавирустан айыққандардың саны көбейіп келеді. Бұл – жақсы жаңалық. Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шаралардың арқасында эпидемияның жаппай таралуына тосқауыл қойылды. Бұл тұрғындарға дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге және диагнозды тез анықтауға мүмкіндік берді. Бұған қоса вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды бақылауға алуды жеңілдетті. Қабылданған шаралар ДДСҰ ұсыныстарына сай келеді.
Коронавирустың екінші толқыны бола ма?
Кэролайн Кларинваль, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі, ДДСҰ-ның елдік кеңсесінің жетекшісі:
- Әлем бойынша екінші толқын болады деп ойлаймыз және вирус бізбен ұзақ уақыт қалады. Сондықтан қазір эпидемияның аяқталмағанын есте сақтаған жөн. Әр адам сақтану жолдарын ұмытпауы керек. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі екінші толқынға әзір болса екен деймін. Алайда оның қашан болатынан қазір дөп басып айта алмаймыз. Бұдан бөлек тұрғындарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. Олар өздерін де, жақындарын да қорғай білулері керек. Осы ретте қол гигиенасы, арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым ережелер маңызды екенін айтқым келеді. Және бұл қағидалар алдағы апталарда, тіпті айларда да сақталуы тиіс. Төтенше жағдай режимінің аяқталғаны «ережелерді сақтамауға болады» деген сөз емес. Сол себепті қазір азаматтардың әрекеті мен жүріс-тұрысына мән берілуі тиіс. Олар өздерін және жақындарын қорғауы тиіс. Шектеу шаралары жеңілдетілген кезде әр азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Барша қазақстандыққа айтарым, қол гигиенасы ережелерін сақтап, адамдар арасындағы арақашықтық туралы ұмытпаңыздар. Ауырып тұрғаныңызды сезсеңіз, далаға шықпаңыз.
Ал дәрігерлер қалай қорғануы тиіс?
Кэролайн Кларинваль, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі, ДДСҰ-ның елдік кеңсесінің жетекшісі:
- Медицина қызметкерлері – осы эпидемия кезінде қауіптің ортасында жүргендердің бірі. Адам өмірін құтқару үшін жанын салып, қызмет етіп жүр. Қолынан келгенін аямай, науқастарды емдеп жүр. Біріншіден, денсаулық сақтау саласының мамандарына алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ олар қажетті қорғаныс заттарымен қамтамасыз етіліп, вирустан қорғана алады дегенге сенемін. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің дайындығы жақсы болуы керек. ДДСҰ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша тренингтер өткізеді. Өйткені қауіпсіздік шараларын, жеке қорғаныс заттарын кию ережелерін және пациентерге қалай көмек көрсету керек екенін білу өте маңызды. Айта кетері, жуырда Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін коронавирусқа тексере бастады. Өте жақсы бастама. Осылайша вирус жұқтырғандары дер кезінде анықталып, оқшауланадырылады. Ем алады. Бұл дәрігерлердің арасында індеттің таралуына жол бермейді. ДДСҰ мұндай қадамды қолдайды.