Таразда былтыр ғана төселген жолдар қайта ойылып, шұңқырға айналған
Ашулы тұрғындар жолдың сапасына шағымданып, дабыл қағуда. «Әкімдік тарапынан тиісті қадағалаудың жоқтығына байланысты, қу қалтаның қамын ойлаған компаниялар, білгенін істейді», –дейді олар. Құрылыс материалдары сапасыз ба әлде мердігерлер өз жұмысына жауапсыз қарай ма? Жол сапасы қашан жақсарады?
«Арай» алқабындағы Марау ана мен Майлықожа көшесіне жол былтыр күз айларында төселген. Жаңа жолдың қазіргі жағдайы мынадай күйде. Бір жылға жетпей ойыла бастаған.
Ұлттық сапа орталығының мамандары жол сапасын оңай анықтап берді. Асфальттің қалыңдығын өлшеп, бірден сынама алды. Технология сақталмаған.
Қадіржан Мырзаев, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:
- Бірден көрініп тұр. Мынау бастамасы дайын емес. Жол салатын технология сақталмаған.
Дәл осы көшеге жолды салған компания кәріз, ауыз су жүйесінің құдықтарын көріп тұрып, үстінен асфальт төсеп кеткен. Жол салу кезіндегі былықты білді ме, әйтеуір жауапты техникалық қадағалаушы маман келмей қойды. Ал тапсырыс беруші әкімдіктің өкілдері құрылыстың бел ортасында жүріп құдықты көрмепті.
Дамир Айманов, Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Құрылысқа бір рет емес, бірнеше рет келдік. Екі-үш күн сайын келіп тұрамыз. Аралап тұрамыз. Ол кезде болған жоқ. Құдықтар байқалмады.
Юлия Капустина, «Айя-Сервис» ЖШС директорының орынбасары:
- Жобаны жасаған кезде «қиыршық тастан төселген жол» деп көрсетілген. Мәселе осы жерден туындаған болуы мүмкін. Ал асфальт төсеуге жобалау жұмыстары кейін жүргізілген. Біз жобада көрсетілген талаптарды өз тарапымыздан орындадық.
Қазір қалада жол салу, жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары жаңадан төселген жол сапасына қатысты да шағымдардың көбейгендігін айтады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бір ғана мысал келтірейікші. Біз қазір Шестокович көшесінің бойында тұрмыз. Бұл көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Міне жолдың мына бір бөлігін жаңа ғана мамандар тексерді. Жаңадан жөнделген. Міне, қолмен ұстасаң уыстап ұсталады. Бассаң былқылдап тұр. Мамандардың айтуынша, енді бір жауыннан кейін дәл осы жол мынадай шашылған күйге түседі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, жол салу кезінде техникалық қадағалаушы, мердігер және тапсырыс беруші арасында бизнес жүйе толық сақталмаған. Мәселені шешу үшін техникалық қадағалаушы маман жауапқа тартылып, мердігер мен тапсырыс беруші ұлттық сапа орталығымен келісімшартқа отыруы тиіс.
Равиль Төлебаев, ҚР СЖҚҚА ЖОБ департамент басшысының бірінші орынбасары:
- Олар келісімшартқа отырмаған. Орталықпен келісімшарт болса, онда орталық үнемі асфальттің сапасына және де салу механизмдерінің сақталуына толық бақылау жүргізеді, өзінің қорытындысын беріп отырады. Сонда мердігер сол ұсыныстарды орындамаса, онда тапсырыс беруші оның жұмысын қабылдамайды. Бірақ өкінішке қарай ұсыныс орындалмай жатыр.
Былтыр Таразда 1,5 млрд теңгеге 78 шақырымнан астам жол жөнделген. Ал биыл 96 көше және төрт жаяу жүргіншілерге арналған жол жөнделмек. Бұл бағытта 3,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Енді осы ауқымды жобалар сапалы іске асырылса игі.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә