Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданы топан судан толық тазартылды
Қазір өңірдегі барлық коммуналдық мекеме мен төтенше жағдай қызметі апаттың салдарын жойып жатыр.
Жеңіс ауылының маңы қазір түгелдей батпақ болып жатыр. Ал бірнеше күн бұрын бүкіл ауыл көлкіген суда тұрған еді. Қазір оған қарағанда жағдай мүлде басқа. Төтенше жағдай қызметінің мамандары күндіз-түні суды сорғызды. Соның арқасында ауыл тұрғындары біртіндеп оралып жатыр.
Дегенмен төтеден келген апаттан ештеңе іске алғысыз деуге келмейді. Кейбір үйлерді бұзып, ішінде қалған заттарды төтенше жағдай қызметінің мамандары мен әскерилер және тұрғындардың өздері жинап жатыр. Бірақ дүниенің көбі су астында қалғандықтан, істен шыға бастаған.
Алдаберген Мұханов, Жеңіс ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде сау қалған зат жоқ деуге болады. Мынаның астында бастырма қалған ғой. Кәдімгі тақияны кигізіп қалғандай етіп қойған. Үйдің өзі шымнан өрілген. Мына үлкен су келген соң бірден жібіп, отырып қалған. Сосын мына жігіттерден көмек сұрап ем, бірден жетіп келді.
Жалпы өңірде топан су бес ауылды басты. Олар – Өргебас, Жеңіс, Фердауси, Жаңатұрмыс және Достық. Апаттың салдарын жоюға 1 236 құтқарушы және әскери қызметкер жұмылдырылды. Олардың жартысы Өзбекстаннан келді. Ал құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.
Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Елді мекендердің айналасына жиналып қалған лас көлшіктерді айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатқа қолдағы бар техникалар мен насос матопомпаларды жұмылдырып отырмыз. Аталған көлшіктерден жерасты суларының көтерілуіне мүмкіндік бермей, сонымен қатар осы келген судың сасымауына алдын алу жұмыстары жүргізілып жатыр.
Қазір ол елді мекендерде санитарлық мамандар жүр. Эпидемиологтар аула, қора-қопсы мен су құбырларын залалсыздандырып жатыр. Бүгінге дейін 900 мың шаршы метр аумақ дезинфекцияланды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Рауль Ғабитов