Қарағандыда ҰОС-та мерт болған жауынгерлер сүйегі туыстарына берілді
ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан батырдың сүйегі 78 жылдан соң елге жеткізілді. Ет жақындары жаужүрек аталарын арулап, жер қойнына тапсырды.
Медет Аманжолов майданға Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жастерек ауылынан аттанған екен.
Медет Аманжолов 1939 жылы әскер қатарына алынып, екі жылдан соң елге оралу керек болатын. Алайда кенеттен соғыс басталып, ол 125-ші атқыштар дивизиясының қатарында майдан даласына аттанады.
Сөйтіп небәрі 20 жасында отты қырғынның ортасына түседі. Ал 1942 жылы Смоленск облысындағы Воря өзенінің бойында болған кескілескен шайқаста жау оғынан мерт болған. Дәл осы маңда қазу жұмыстарын жүргізген Ресейдің іздестіру тобы жуырда белгісіз солдаттың сүйегін табады. Бос гильзаның ішіне салынған тілдей қағаздағы жазудың арқасында оның кім екенін анықтайды.
Кирилл Долинский, «Тризна» іздестіру бірлестігінің жетекшісі:
- Біз белгісіз солдаттың Қазақстаннан екенін білген соң бірден туған-туыстарын іздеуге көштік. Осындағы қазақ диаспорасының көмегінің арқасында аз уақыт ішінде жақындарын тауып, хабар бердік.
Медет Аманжоловтың сүйегі елге Жеңіс мерекесі қарсаңында жеткізілген болатын. Алайда карантин тәртібіне байланысты ет жақындарына енді ғана тапсырылды.
Медет Аманжоловтан ұрпақ жоқ. Оның сүйегін қабылдап алған Мұрат Аманжолов – ағасының баласы. Ақсақалдың айтуынша, олар із-түзсіз кеткен батыр аталары жайлы ақпаратты көп іздеген.
Мұрат Аманжолов, Ақадыр кентінің тұрғыны:
- 78 жылдан кейін туған елдің топырағы бұйырып тұрғандығы бір Алланың ісі ме деп ойлаймыз. Мешітімізге әкеліп, сүйегін орын-орнына қойып, ақіретке орадық. Сондағы бір таңғалған нәрсеміз: адамның 12 мүшесі болса, сол 12 мүше түгел екен. Тіпті тісіне, бақайшағына дейін сол беті шірімеген. Соған таңғалдық та, тәуба қылдық.
Күні кеше туған-туыстары батырды арулап, жер қойнына тапсырды. Әкесінің жанынан мәңгілік мекенін тапты. Ал ұрпақтары майдан даласында шейіт болған аталарының рухына тағзым етіп, еске алды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин