Өскемендіктер көшедегі ағаштардың оталуына наразы
Талай жылдан бері бойлап өскен ағаштарды жұмысшылар келіп, кесе бастаған. Сұрағандарға «даңғылды кеңейтеміз» деп қысқа жауап қайырыпты. Енді көше бойындағы жұрт қайтсек те, тал теректі аман алып қаламыз деп жанталасуда.
Тамырына балта шабылып жатқан теректерді қызғыштай қорып жүргендердің бірі – Наталья Викулина. Зейнеткер: «Бала кезімнен көз алдымда жайқалып өскен жасыл желектердің жойылып жатқанына жүрегім шыдар емес», – дейді.
Ағаштарды кесу жайлы бұл маңдағы жұртпен ақылдасқан жан болмапты. Құрылыс лезде басталып кеткен.
Наталья Викулина, қала тұрғыны:
- «Бұл теректердің орнына жас көшеттер отырғызылады», –деп жұбатып қояды. Алайда олар өскенше 15-20 жыл өтеді емес пе?! Ал бізге таза ауа қазір керек. Осы күнге дейін сегіз түп ағашты кесіп тастады. Соның өзінде міне бүкіл көшедегі шаң үйге кіріп, талдың жоқтығы бірден байқалды. Сондықтан кесілуіне қарсымыз.
Шағын көшелердегі көлік қозғалысын реттеудің жалғыз амалы осы дейді мамандар. Өткен жылы даңғылдың бас жағындағы бір жолақты бөлігі екі жолақққа айналған еді. Биыл сол жұмыс жалғасып, қалған бөліктері кеңейтілмек.
Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:
- Кеңейтудің құрбаны осы теректер болып тұр. Ол жерде 63 терек бар. Оның барлығы толық алынады. Оның орнына он есе артық ағаш отырғызамыз.
Әкімдік егіп жатқан көшеттер – осы. Әлден сарғайып, солып барады. Өйткені суарып, баптап жүрген ешкім жоқ. Ең сорақысы сол шырша өскіндері дәл жылу жүйесі құбыры өтіп жатқан жерге егіліпті.
Ирина Мелехина, қала тұрғыны:
- «Бұл жерден қандай желілер өтетіні туралы жоспарды көрдіңіздер ме?»,– десем ешкім үндемейді. Мен осы үйде тұрғандықтан, дәл осы жерден жылу жүйесі өтіп жатқанына сенімдімін. Сондықтан кейін бір ақау шыға қалса, осы егілген талдың барлығын тамырымен қопаруға тура келеді.
Экологтардың айтуынша, терек – нағыз оттегі фабрикасы. Мәселен, бірнеше түп қарағайдан бөлінетін оттегін бір терек оп-оңай шығарады екен. Яғни ағаштардың ішіндегі төресі көрінеді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Мынадай қарағай жылына 50-60 см-ге ғана өседі екен. Ал ол уақытта терек жақсы суарылып, күтім көрсе, 2-3 метрге дейін бойлап, жапырағын жайып, ауаны тазартуға үлес қосып жатады. «Теректің пайдасы ерек»деген осы болса керек.
Агроном Глеб Полботовтың айтуынша, соңғы уақытта қалаға бұталы өсімдіктер егілмей жатыр. Көгалдандыруға көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ.
Глеб Полботов, агроном:
- Әрбір шаһарда мелиорация бойынша маман болуы керек. Ол көгалдандыру жұмыстарына мән беруі тиіс. Біздің қаламызда бұталы өсімдіктер егілмегелі қашан. Есесіне шаң тозаң басып тұр. Ал мына теректер алынса, тіпті демалу мүмкін болмай қалады.
Енді белсенділер наразылардың бәрінен қол жинап, мәселені қоғамдық ұйымдар назарына ұсынады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин