Елімізде пойыз қатынасы қайта жанданды
70 күндік үзілістен соң елордадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалына жан бітті. Түскі сағат 15:00 шамасында уақытша тоқтап тұрған алғашқы қалааралық пойыздар жолға шықты. Бірақ «билетім қалтада, пойыз қашпас» деп, еш қамсыз вокзалға жетіп келуге болмайды. Өйткені теміржол басшылығының жолаушыларға қояр қатаң талаптары бар.
Әрине, дәл қазіргі кезеңде, қандай талабы болса да орынды. Әсіресе бір вагоннан екінші вагонға өтуге тыйым салуын құптауға болады. Өйткені вирустың симптомы жасырын жүретіндіктен, жолаушылардың тығыз байланыста болмағаны дұрыс.
Светлана Аманова, жолаушы:
- Жолға шығуға, әрине, қорқып тұрмыз. Қорыққанмен, отбасымызға бару керек.
Светлана Аманованың басқа амалы жоқ. Үйіне ақпанның ортасында қайтуы керек еді, билет болмады. Артынша карантин басталды. Елорада үш айдан астам жіпсіз байланып жатты. Алғашқы шыққан пойызға алғашқылардың бірі боп билет сатып алды. Пойыздың жүруін минут емес, секунд санап күткені рас.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл арадан пойыз соңғы рет 22 наурыз күні аттанған болатын. Содан бері арада 70 күндей уақыт өтті. Осы екі аралықты өлі тыныштық орнаған перронда тіршіліктің белгісі байқалады. Қазір карантиннен кейінгі алғашқы пойыз Семей бағытын бетке алып жолға шықпақшы. Бұл сапардың ерекшелігі: жолаушылардың құжаттары ғана емес, санитарлық норманың сақтақталуы қатаң қадағаланады.
Билет қалтасында болғанымен, маскасы жоқтардың кері қайтарылғанына да куә болдық. Мұндай жолаушылар сырттағы автоматтық құрылғыдан бетперде сатып алып киюге мәжбүр.
Вокзалдың күту залында да санитарлық талаптар қатаң сақталған. Мұнда отыруға тыйым салынған жерлер де бар.
Сағыныш Марат, вокзал кешенінің кезекшісі:
- Осы орындыққа адам отырса, келесі орындықта қызыл жолақты көресіздер. Қызыл жолақ орнатылған жерлерге отыруға тыйым салынады. 1 метр арақашықтық сақталуы тиіс.
Бірақ вагон ішінде жолаушыларды отырғызуға шектеу жоқ. Тек олардың отырған орындарынан себепсіз тұруына, купелерді не вагондарды аралап жүруіне шектеу қойылған.
Мәди Мұхамедқали, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:
- Әжетханаға барған кезде де арнайы шектеу бар. Вагондардың ішінде арнайы сызықшалар бар. Ол сызықтар бойынша бір метрден кем емес арақашықтықты сақтап тұру керек.
Пойыздағы ресторандар әзірге жұмыс істемейді. Бірақ станцияларға аялдағанда, сырттан тамақ сатып алуға тыйым жоқ. Ал вагондағы жолаушылардың бірінен вирустың қандай да бір белгілері байқалса, дереу басқа купеге оқшауландырылады. Бірақ вагонның жолаушылары түгел карантинге алынады деген сөз емес. Тек байланыста болған жолаушылар міндетті түрде жедел тест тапсырады.
Йорг Бесвер, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары:
- Біздің қызметкерлер әр вагонды аралап, анкета жүргізеді. Жолаушылардың мекенжайын, телефон нөмірін жазып аламыз. Яғни осы арқылы вирус жұқтыру қаупі бар адаммен байланыста болса, тез арада тауып алуға мүмкіндік жасаймыз.
Жолаушылар пойызы кезең-кезеңімен жолға шықпақ. Алдымен 54 пойыз, 10 маусымнан бастап тағы 36 пойыз жүре бастайды. Егер ахуал тұрақты болса, халықаралық бағыттағы 15 пойызға да билет сатылады.