Алматыда ескі көліктерге берілетін төлемақы көлемі ұлғайды
Жалпы Алматыда 800 мыңға жуық көлік бар десек, соның 60% жуығы ескі. Демек оңтүстік шаһар тұрғындары үшін жақсы жаңалық.
Tлімізде ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы 2016 жылы жүзеге асқан болатын. Бұған дейін осы бағдарлама бойынша ескі машиналарды қолма-қол ақшадан бөлек арнайы сертификаттарға айырбастау мүмкіндігі болса, жаңа ережеге сәйкес жеңілдік сертификаттары ендігі жерде тек жүк көліктеріне ғана беріледі.
Жомарт Рахымжан, «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі:
- «Ескі көліктерді жоюға қабылдау» бағдарламасына өзгертулер енгізілді. Енді жеңіл автокөліктерге берілетін өтемақы көлемі 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда сертификат бағдарламасы дәл осы жеңіл көліктер үшін тоқтатылды. Бірақ жолаушы және жүк көліктерін қабылдау жалғасын таба береді.
Жаңа ереже бойынша көлік иесіне екі санат бойынша қаржы төленеді. Яғни толық жиынтықты көлікке бұған дейін 150 мың теңге төленетін. Ал енді қосалқы бөлшектері кем көліктерге 150 мың теңге төленеді. Бұрын осы екінші санаттағы көліктерге бар жоғы 48 мың теңге ғана берілген еді. Десе де көлік иелері бұл қаржының әлі де аз екенін айтады.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автокөлік жүргізушілер одағының төрағасы:
- Көлік қалдықтары қоршаған ортаны ластамау үшін арнайы қабылдау орындарына өткізген жөн. Бірақ қазіргі жағдайда инфляцияны ескеретін болсақ, ескі көліктерге беріліп отырған төлемақы мөлшерінің деңгейі бұрынғымен салыстырғанда еш айырмасы жоқ. Сондықтан ескі көлікті тапсырғаннан гөрі қосалқы бөлшектерге сату тиімдірек. Осылайша сіз 1,5-2 есе көп ақша таба аласыз.
Тозығы жеткен көліктің жолдағы қауіптілігі өз алдына. Ал оның табиғатқа тигізер зияны да көп. «Алматыдағы барлық көліктің 60% құрайтын ескі көліктер жылына ауаға 250 мың тонна зиянды қалдықтар бөледі», – дейді экологтар. Ал енді ескі көлігін тапсырушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық: бұған дейін ақша аударым жұмыстары 15 күнге созылса, қазір екі күннің ішінде бар мәселе шешіледі.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов