Атырауда итке қорлық көрсеткен жігіт кінәсін мойындады
Үй жануарын азаптаған 32 жастағы жігіттің қатігездігі әлеуметтік желі арқылы тарап, тұрғындар арасында наразылық туғызған еді. Ол көпшіліктен кешірім сұрады. Қоғамда қызу пікірталас туғызған иттің жағдайы не болды?
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Осы оқыс оқиға әлеуметтік желі арқылы таралған күннен бастап тек Атырау емес, жалпы жұртшылық арасында белсенді пікірталас басталды. Әлі де жалғасуда. Осыны ескерген қалалық Полиция басқармасы тергеп-тексеруді бастаған. Оқиғаның Еркінқала ауылында болғаны анықталды. Сондай-ақ итті қорлаған 32 жастағы жігіт екені де белгілі болды. Кінәлінің ақталуы бойынша ит тұқым егуге дайындап қойған жылыжайды бүлдірген, оған дейін де кішкентай қыз баланы қауып ала жаздаған. Кеше ол әлеуметтік желі арқылы кешірім де сұрады. Ал зардап шеккен итті бұралқы үй жануарларын бағатын питомник қызметкерлері алып кетіпті. Біз оған да бардық. Алайда ветеринар маман мынау басқа, дені сау ит дегенді айтады.
Мұқаш Жабаев, ветеринар-кинолог:
- Біріншіден, түсі келмейді. Видеодағы ақ болатын, мынау сары. Сосын ол түлеген мына иттің өлі жүні үстінде жүр. Бастысы иттің мойнында, денесінде еш жарақат жоқ. Егер тоңазытқыштың есігіне қысып, үстіне өзі шыққан болса, бұл тамақ іше алмас еді. Бірақ бұл да сол ауладан алынды, өзі қатты қорқып қалған.
Демек, зардап шеккен иттің қайда екені белгісіз. Тірі не өлі екені де беймәлім. Бір білеріміз, үй жануарын қорлаған жігіт кешірім сұрағанымен, жазасыз қалмайды.
Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Оқиғаға қатысты ҚК 316 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл бап бойынша жануарларға қатігездік жасағаны үшін 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, немесе 30 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жалпы қазіргі қоғамда адам қолынан зардап шеккен, болмаса қараусыз қалған үй жануарларына қамқорлық кемшін. Сол себепті олар көбейіп барады. Санын шектеу үшін қалалық әкімдік бюджетінен 42 млн теңге бөлініп отыр. Ол сома тек ит-мысықтардың көзін жоюға емес, оларды зарарсыздандыруға жұмсалады. Айтқандай, қалада қоғамдық қор жұмыс істейді. Бірақ олардың да мүмкіндігі шектеулі. Қазір питоминкте 40-тың үстінде мысық пен 200-ге тарта ит бар.