Павлодардың «Маралдива» курорттық аймағы құрдымға кетті
Демалушыларға жайлы жағдай жасаған инвесторлар өз қолдарымен тұрғызған демалысқа қажет дүниелерді жоқ қылды.
Бұған тұзды көлден «Артемия салина» шаяндарын аулауға лицензияның берілмеуі себеп болған. Жергілікті билік енді курорттық аймақты қалпына келтіруге мүдделі. Келешекте бұл жерде шағын бизнес-инкубатор пайда болуы мүмкін.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Маралды курорттық аймақ болып құрылған үш жылда бұл жерде көптеген нысан бой көтерген еді. Халықтың демалуына ыңғайлы болуы үшін күннен қорғайтын шатырлар, жуынатын бөлмелер, дәмханалар салынған болатын. Қазір, міне, тұзды көлдің маңайында түк жоқ. Инвесторлар бір шеге, бір кірпішіне дейін қалдырмай алып кеткен. Олар мына жағаны бекіту үшін қолданған құрылыс материалдары: тас, темір, полиэтилен қаптар және басқа да заттармен көлді ластап кеткен. Бұл табиғатқа жасалған қиянат емес пе? Бір кездері емдік қасиетімен әлемге әйгілі Маралды көлінің қазіргі келбеті осы.
Маралды курорттық аймағы атанған күннен бастап басынан дау арылмады. Тұрғындар көлге кіру бағасының қымбаттығын айтып шағымданды. Жақын жатқан ауылдар көлдің байлығы бәріне ортақ деп шулады. Соған қарамастан демалушылар легі толастаған жоқ. Маралдыны жалға алған кәсіпкерлер инфрақұрылымға қаржыны аямай салғаны рас. Оларды жоюға келгенде де аянып қалмаған.
Валентина Пери, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Мұндайды күтпеп едік. Ештеңе қалдырмапты. Ой-шұңқырдан басқа дым жоқ. Біз моншаға баратынбыз. Дәмханадан тамақ ішіп, би билейтінбіз. Балаларға да жақсы жағдай жасалған еді. Өкінішті жағдай.
Валентина Пери Маралдының шипалы суына түсуге келеді. Жаз айларында кем дегенде 10 рет шомылуды әдетке айналдырыпты. Былтыр Италиядан келген достарына көрсеткенін айтады.
Жергілікті билік инвесторлармен келіссөздер жүргізуге талпыныс жасаған. Бірақ нәтиже бермеді. Енді қалпына келтіруге тырысып жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан қаражат бөлініп, қазіргі күнде сатып алу рәсімдері жүргізілу үстінде. Келешекте бұл жерде шағын бизнес-инкубатор пайда болатынын айтады.
Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:
- Осы көлге дейін жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақын уақытта аяқталады. Сонымен қатар көл бойындағы инфрақұрылымды қалпына келтіру жоспарлануда.
Аудан әкімі осы айдың аяғына дейін инфрақұрылымды толық қалпына келтіретінін айтып сендірді. Қызығушылық танытқан барлық кәсіпкерге жол ашық. Курорттық аймақта су құбыры бар, электр желісі тартылған. Күннен қорғайтын шатырлар, жуынатын орындар мен басқа да санитарлық нысандар орнатылады. Бірақ осыдан бір жыл бұрынғы Маралдының енді қайталанбасы анық. Ол көрініс тек туристердің естелікке түскен суреттері мен жеке мұрағаттарында сақталмақ.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий